Әжеммен әңгіме

Ұйқы алдында маза бермейтін естеліктер мен сансыз ой арасында сенің бейнең жиі қылаң беріп тұрады. Жалғыз қалғанда да өзіңмен ойша сырласамын, ардақты әжем. Бұл бір қызық дерсің… саған ешқашан «сен» деп сөйлемеген едім ғой, «әже» деп, оның үстіне «ардақтым» деп те айтып көрген емеспін. Ал қазір қайдан шыққаны белгісіз, ойыма осы сөз келді. Бәлкім сені бұрыннан осылай атағым келгендіктен болар. Десе де сен маған алыс әрі бөтен көрінетінсің. Бала кезімнен санамда осылай жатталып қалыпсың…

Екеуміз сирек кездесетін едік: жылына бір-ақ рет. Жақын болмағанымыз содан да болар. Арамызды бірдеңе бөліп тұрғандай көрінетін. Саған жеткізбей қоятын ұзақ шақырымдарды қалай қысқартқым келгенін білсең ғой?! Үйіңе келген бетте жүгіріп барып, құшағыңа енсем екен дейтінмін. Бірақ өзіңмен көріскенде ұялып, саған тек кішкентай қолымды созатынмын, ал сен бетімнен сүйетінсің. Жаз шығып, ауылға барар күн жақындаған сайын сенімен өзім ойлағандай көрісемін деп ойлайтынмын. Бірақ әр кез ойым ой болып қала беретін.

Ол жақта халің қалай? Бәрі жақсы ма? Басыңа бармағалы көп болыпты. Кейінгі кезде түсіме жиі еніп жүрсің. Ойда жоқта есіме түсесің. Бір қолыңда кесе, екінші қолыңда шекер ұстап, белгісіз бір жаққа көз тастап отырған бейнең елестейді. Сені үнемі сыртыңнан бақылайтын едім. Не ойлап отырғаның қызық болатын. Өзің ғана білетін бір әлемің бардай көрінетін. Бірақ ол жерде мен жоқпын деп ойлайтынмын.

Түсімде көйлегіңнің етегіне бақшадан терген жемістерді толтырып, маған әкеле жатыр екенсің. Мұндай дәмді өрік пен шабдалыны ешқашан жемеген шығармын. Өзің жақсы көретін көк шайды демдеп, маған бар мейіріміңмен ас тартып жатырсың. Ояна сала «мені сағынып жатыр ма екен?» деп ойладым. Бәлкім, әже мен немере болып емен-жарқын сөйлесер сәт енді туған шығар. Олай болса, мен шын қуаныштымын, әже. Ештеңе де кеш емес…

Кенеттен келген не өзгеріс бұл? Қаншама жыл өтті емес пе?! Сен жайлы еш ойламаған едім. Жоқ, тоқта… Есіме түсті. Бірде ұлыммен саябақта серуендеп жүріп, шүйкімдей, арықша келген әжейді көрдім. Жүрісі сенікіндей екен: екі қолын артына салып, бүкірейіп жүреді. Сол сәтте тамағыма өксік тығылды. Бірақ жылайтын кез емес еді: балам қыңсылап, оны уатуға кірістім.

Міні, осылай өмір сүріп келемін. Өзің сияқты. Сезімге берілетін уақыт та, орын да жоқ. Міндеттерім ғана бар. Ал сезім деген ойды сан тарапқа жүгіртпеуші ме еді?! Ыстық жас салқын ақылдың қамалын бұзса ше? Оның қазір маған еш қажеті жоқ. Өзің де білесің ғой.

Таң атпай ерте тұрып алатыным есіңде ме? Сиыр сауып, малды өріске айдағаныңа қарап тұрған ұнайтын. Содан кейін сүт қайнатып, банкаларға құятынсың. Қазанның түбіндегі қаспақты сұқ саусағыңмен қырып, маған беруші едің. «Мұны жеген адамның тойында жаңбыр жауады» дейтінсің. Кішкентай қыз болсам да, малмандай су болған ақ көйлекте тұрмысқа шығып жатқанымды елестетіп, көңілім түскені есімде. Мұны көріп, мәз болғансың. «Жарайды, жей қой, жаңбыр жауса, жаусын, бәрібір тойың мейрамханада өтеді ғой» деуші едің. Тұрмысқа шыққан күні осы сөзің есіме түсті: ол күні жаңбыр жауды, тойымыз мейрамханада өтті. Тек сен болмадың…

Тандырға нан жапқаныңа таңырқай қарайтынмын. Үлкен ыдысқа нан илеп, оны үзіп-үзіп дөңгелетуші едің ғой. Бармағыңның ұшымен нанның ортасын сәндейтінсің. Тандыр нанның ортасындағы оюлар сенің саусағыңның ізі екен ғой… Содан кейін дөңгелектерді жалаң қолыңмен қызып тұрған тандырға салушы едің. Қазір қайнап тұрған шәйнекті алып, шай құйғанымды көрген балаларым «Қолың күймей ме?» деп таң қалады. Мен «Асқан төзімділік – әжемнен» деп жауап беремін.

Жақында отбасылық альбомды ақтарып отырып, сенің жас күніңдегі фотосуретіңді көріп, таң қалдым. Нәзік әрі ұяң әжем, қиын тағдыр сені тұйық, қатал етіпті. Сенің неге мұндай болғаныңды үлкендердің әңгімесін тыңдаған соң, түсінген сияқтымын. Сен сүйген адамыңа қосылдың, бұл ол кезде кез келген қызға бұйырмайтын «бақ» еді. Аулыңа келген қалалық жас мұғалім сені ұнатып, сол уақыттағы дәстүр бойынша «алып қашыпты». Бірақ қатал анаң сені алыс жерге қыймай, ауылға қайтарып, менің атама күйеуге беріпті. Ал сен тағдырыңа үнсіз ғана мойынсұнған екенсің. Өз қалауыңды айту сен үшін ата-анаңа қарсы шығумен пара-пар еді. Өйтуге дәтің бармай, өмірдің ағысымен жүзе беріпсің…

​Кейде мен де сен сияқты ағыспен жүзіп келе жатқандай күй кешемін. Басыма түскенге үнсіз ғана мойынсұнамын. Бірақ бұлай болғанын қаламаймын. Кейде ағысқа қарсы жүзуге де болады ғой. Қаламасаң, «жоқ» деуге… Үйреншікті шеңберден шығуға… Өз жолыңмен жүруге… Тым болмаса, байқап көруге…

Қазір ойласам, екеуміздің арамызды алыстатар ештеңе болмаған екен. Біз барынша жақын болдық. Біз барынша жақсы көрдік. Қазанның түбіндегі тіл үйірер қаспақ, тандырдан жаңа шыққан ыстық нан, бақшадан жинап әкелген өрік пен шабдалы – осының бәрі сенің махаббатың мен мейірімің емей, немене?! Қазір де, өмірімде бірдеңе өзгерту қажет болғанда, мен сенің қолдауыңды сеземін. Рақмет саған, әжетай.

Әңгімені жазған: Қаламқас ТОЛЫМБЕКҚЫЗЫ
Аударған: Перизат Кәрімқұл