Қазақстан мәңгілікке менің Отаным болып қалады

Мен Эске Эрна Ивановна, сіздерге өз отбасымның тарихынан сыр шертсем деймін: менің әңгімем таңғаларлық және керемет оқиғаларға толы. Ол тағдырдың ең ауыр сынақтарына төтеп бере алар күш пен төзімнің, махаббат пен бірліктің көрінісі іспеттес. Тағдырдың тарам жолдары мен үзілмес үміт жайлы бұл әңгімені отбасымыз дәйім тек мақтанышпен айтады. Менің анам неміс ұлтынан, Украинаның Лутомир облысының тумасы. Неміс және орыс тілдерін жетік біліп, екі халықтың мәдениетін тең меңгерген жан еді. Соның арқасында бізді басқа елге қыстап көшіргенде, жаңа ортаға үйрену аса қиын болмады.

Тағдыр жазып, ата-анам Киевте кездесіпті. Анам әке-шешесінен ерте айырылған екен, сондықтан ол бай еврей отбасында жұмыс істеп, сіңілілері мен бауырларына өзі қамқор болыпты. Ата-анам танысқанда әкем Киевте әскери борышын өтеп жүрген көрінеді. Әкем анама ұсыныс жасап, оны әке-шешесі тұрып жатқан Қырымға алып кеткен екен. Бірақ олардың бақытын сұм соғыс бұзды…

Мен ол кезде екі жарым жасар бала едім, бар білетінім анамның әңгімелеріне негізделген. Қырымнан Солтүстік Қазақстандағы ауылға қоныс аудару отбасымыз үшін ауыр сынақ болған көрінеді. Анам ол кезде сіңілім Лидаға жүкті екен, ал әкемді Еңбек армиясына жіберіпті. Біз көп балалы отбасы болып, әкемнің әпкелерімен бірге тұрдық. Бірнеше ай қазақ отбасымен бір ауылда тұрыппыз, бірақ өмір сүру қиын болған соң, үлкендер басқа жерге көшуге шешім қабылдапты. Осылайша бір әулет Есілді жаяу кешіп өткен екен. Анам балалармен Вознесенка ауылына тоқтапты, ал әкемнің әке-шешесі тағы біраз жүріп, басқа ауылға орналасыпты.

Біздің отбасы тарихында Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Вознесенка ауылының алар орны зор. Қазақстандағы осы шағын ауылды мен өз Отаным деп есептеймін. Бұл жерде мен алғаш мектепке бардым, алғашқы махаббатымды кездестірдім, құрбыларыммен би клубында түрлі кештер өткіздім, тұрмыс құрдым, балаларымды өсірдім, екінші рет тұрмысқа шықтым. Өмірімнің көп бөлігі осы жерде өтті. 2003 жылы тағдырдың жазуымен күйеуіммен Германияның әсем қаласы Бад-Мергентхаймға қоныс аудардық. Содан бері Германияда тұрамыз, балаларымыз Қазақстанда қалды. Мен үшін Қазақстан әрқашан бірінші Отаным, ал Қырым екінші Отаным болып қала береді!

Бала кезімнен санамда жатталып қалған бір естелік бар: біз тұрған үйдің шатыры жоқ еді. Жаңбырдан қорғану үшін тесіктерді сазбен жабатынмын. Бұл қазаққа да, орысқа да, қоныс тепкеннің бәріне қиын соққан заман еді. Содан кейін әкем оралып, үйді бірден жөнге келтірді. Қолынан келмейтіні жоқ шебер адам болатын. Өзі етікші еді. Жұмысын ыждаһатпен  істейтін, содан болар әкемнің аты айналаға түгел тарады. Бірде қалаға барғанымда өзіме өкшесі жоқ аяқ киім сатып алдым, ал ол кезде әйел біткеннің бәрі өкшесі бар аяқ киім киетін. Үйге келгенде әкем таң қалып, «Қызым Эрна, әкел өкше тағып берейін» деді. Бірақ мұның жаңа сән екенін айтып, қажет емес дедім. Біраз уақыт өткен соң, аяқ киіміме қызыға қарап, «Шынымен де керемет көрінеді екен» деп мойындады.

Мен небәрі жеті сынып оқыдым, ол кездегі оқу жүйесі сондай еді. Бірден жұмыс істей бастадым. Алғашында балабақшада, кейін пошташы болып жұмыс істедім. Біздің ауылда қазақтар көп еді. Пошташы болып жүрген кезімде бір ақкөңіл қария: «Жүр, қымыз іш» деп қымыз ішуге шақыратын. Зейнетақысын әкеп берген сайын: «Мынау жақсы қымыз, іш, іш» деп қоймайтын еді. Ақыры келісіп, қымыздың бал дәмін татқаным есімде (күлді).

Бірінші күйеуіммен 18 жасымда таныстым. Бір күні әдеттегідей поштаға хат алуға келсем, ол досымен жақын жерде отыр екен. Ол кезде хат көп келетін, бар ойым жұмыста болып, ештеңеге мән бермедім. Келесі күні оны тағы көрдім, жұмыстан кейін үйге шығарып салу үшін күтіп отыр екен. Осылай таныстық. Тек кейін ғана сол кезді есіне алып, маған айтып берген еді: мені көргенде досына: «менің әйелім болады» деген екен, ал досы «егер оған үйленбесең, өзім үйленемін» депті. Біз он екі жыл бірге тұрдық, алтындай екі баланы өсірдік. 1959 жылы көз қуанышымыз Галина, ал 1961 жылы үмітіміз бен арманымыз Владимир дүниеге келді. Алайда өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді.

Бірінші күйеуіммен ажырасқан соң, ешкімге жалтақтамай, Галина мен Владимирді жалғыз өсіремін деп шештім, бірақ жүрегім бәрібір махаббат пен қамқорлыққа ұмтылатын. Сол кезде сегіз жастағы немере бауырым Сергей жетім қалды. Оны балалар үйіне тапсыру керек болды, бірақ жақындарынан қамқорлығын аямаған анама тартсам керек, Сергейді асырап алуды ұйғардым. Сол кезде қанымыз ғана емес, жанымыз да жақындай түскендей болды. Жүрегімнің бір бөлшегі сияқты еді. Оны әскерге шығарып салғаным, тойында ерекше қуанғаным әлі есімде. Жарықтық 2000 жылы бақилық болды.

70-ші жылдар бәріне қиын соқты, үш баланы бағып-қағу оңай болмады. Бірақ қиындық пен белгісіздік бақыттың елін жақындата түскендей. Омбыда тұратын тәтеме қонаққа бара жатқан жолда болашақ жарымды кездестірдім. Жасы менен кіші еді. Жасымның үлкен болғанына, ажырасқаныма, үш балама қарамастан, маған шын көңілімен сезімін білдіріп, үйленуге ұсыныс білдіргені бойыма қуат беріп, махаббатқа сендірді. Құдайдың қалауымен екеуміздің өміріміз бір арнаға түсті. Ол менің өмірлік тірегіме, сенімді серігіме, мәңгілік махаббатыма айналды. Балаларымызды бірге өсіріп, қазір немере мен шөберенің қызығын көріп отырмыз.

80-ші жылдар да жетіп, балалар өсті, ересек болды. Бірде көрші үйдің алдында періштедей қызды көріп қалдым. Ұлым Вова теміржол мектебінде оқитын, сөйтіп екеуіне жеңгетай болсам деген ой келді. Әріптесімнен көрші әженің үйіне кім келгенін сұрадым. Раинаның қызы шығар деп ойлап едім, солай болып шықты. Қарбыз сатып алып, ұлым екеуін таныстырайын деп үйге шақырдым. Сөйтсем Вова мен Лена автобуспен ауылға келе жатқанда танысқан екен. Тағдыр деген осы емес пе?! Лена Петропавлда кондитерге оқыған екен. Біздің ауылға әжесіне қонаққа келіпті. Оның әке-шешесі де біз сияқты қоныс аударған немістер екен, бұрын осы ауылда тұрып, кейін Семейге көшіп кетіпті, ал әжесі осы ауылда қалыпты.

Вова колледжден кейін екі жылға әскерге аттанды. Ауылдың жас қыздары Воваға таласатын еді. Баламның назарын аударамыз деп әскерге хат жазатын. Бірақ мен пошташылық қызметімді пайдаланып, хаттарын жібермей қоятынмын. Воваға жолдамай, поштадан алып кететінмін (күлді). Іштей ұлыма айдай сұлу Лена ғана сай деп шешім қойғанмын. Вова әскерден оралған соң, Раина тәтенің қызы Ленаға үйленіп, бүгінде немере-шөберелерімді өсіріп, бақытты ғұмыр кешіп отыр.

Балаларымызға қарап, жетістіктерін көріп, жолдасым екеуміз шексіз бақытқа бөленеміз. Отбасымыздың жылдан-жылға өсіп-өніп жатқанына шын бақыттымыз. Осы үшін біздің тағдырымызды бір арнаға тоғыстырып, қамқор әке-шеше, ардақты ата-әже болу бақытын сыйлаған Жаратқанға шексіз ризамын.

Елімізде және бүкіл жер бетінде әрқашан бейбітшілік болсын деп тілеймін. Әр адамның жаны жарасымдыққа, бір-біріне деген сүйіспеншілік пен қамқорлыққа толы болғанын қалаймын, өйткені адамға шын бақыт сыйлайтын осы ғана.

Биыл 85 жасқа келдім, осы ғұмырымда басымнан көп нәрсе өтті: қуаныш пен қайғы, кедейлік пен бақ-дәулет, қоштасу мен шынайы махаббат. Осының бәрі ерік-жігерімді шыңдап, мінезімді қалыптастырды. Сондықтан жастарға табанды және батыл болуды тілеймін, өйткені қазір дамуға, бақытқа жетуге керектің бәрі бар. Махаббатыңды жақсы іске арнап, жақындарың үшін мейірім мен бақыттың бастауы бола білу – маңызды.

Отбасымыздың тарихын байланыстырып тұрған жіп әманда махаббаттан, қолдау мен түсінісуден өрілген жіп болып қала берсін. Біз арқылы жалғасқан мәңгілік байланыс келер ұрпаққа таусылмас қуаныш пен шабыт сыйласын. Отбасымыз әрқашан бірліктің үлгісі болып, айналаға нұр мен жылу тарта берсін.

 

Сұхбат беруші: Эске Эрна

Әңгімені жазып алған: Гүлназ Туленова

Редактор: Қымбат Қалиева

Аударған: Перизат Кәрімқұл