Әр әулеттің өзінің ататек шежіресі, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізер әсерлі әңгімесі болады. Менің атам да бұл дәстүрден жаңылмай, әулет тарихын 15 жасымда баяндап беріп еді. Қазақстанда 30-жылдардың басында саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық атты аса ауыр трагедия болғаны баршаға мәлім. Ғасырлар бойы көшпенді өмір сүріп келген жұртты қысқа мерзімде еш дайындықсыз отырықшылыққа көшіруді қолға алған солақай саясаттың салдарынан қазақ даласын жаппай аштық пен індет жайлап, халықтың үштен бірі қырылғаны да белгілі. Қолдан жасалған жұт менің де әулетімді, ата-әжелерімді айналып өтпепті…
Қонар Өмірбайұлы – менің нағашы атам. Ол кісі анасын аса құрметтеп, өмірден өткенше аузынан тастамады. «Мына өмірде тірі жүргенім, жетістікке жеткенімнің барлығы анамның арқасында», – деп үнемі айтып отыратын бізге. Атам анасы туралы әңгімелеп бергеннен кейін Бүбітай әжемнің нағыз ержүрек, өр мінезді әйел-ана болғанына көзім жетті. Қазақта осыншалық мықты, дана әйелдер болғаны қандай жақсы!
Жә, бәрін басынан бастайын. Тараз қаласынан солтүстік-батысқа қарай 70 км жерде, Қаратаудың солтүстік беткейіндегі тектоникалық ойыста орналасқан Билікөл деген айдын көл бар. Шу-Талас алабындағы осы көлдің жағасын шұрайлы, малға жайлы қоныс деп менің нағашы бабаларым мекендеген. Шынымен де, суы тұщы, ауасы дертке дауа, шаруаға жайлы керемет жер! Аңыз бойынша ертеректе осы Билікөлдің жағасында билер бас қосып, өңірдің түйінді мәселелерін шешкен екен. Бұл жерде күрмеуі шешілмей кейінге қалған іс болмапты. Тіпті, билердің басқосуында бір-біріне қарсы елдің мәселелері де талқыланып, екі жақ бітімге келіп тарқасады екен. Алқа билердің бәтуалы сөз айтып, оң шешім қабылдауына Берікқарадан соққан самал жел мен көлдің шипалы суы әсер етіпті деген де аңыз бар ел арасында. Сондықтан да көл «Биліккөл» немесе «Билер көлі» деп аталса керек. Осындай құтты қоныста мамыражай ғұмыр кешкен халық Кеңес өкіметі орнаған алғашқы кезеңде биліктегілердің асыра сілтеуінен қиындыққа тап болып, тіршілік азабын тартыпты. Қыспаққа түсіп қайғы жұтқан Билікөл жұртының өмірін көрсету арқылы күллі қазақ халқының басына түскен нәубетті көз алдымызға елестетсек болады.
Жиырмасыншы жылдардың аяғы кезіндегі жарлық бойынша «Большевиктер мал мен астықты тартып алып кетіп жатыр» дегенді естіген Қонар атамның әкесі Өмірбай киіз үйдің ішінен ор қазып, он шақты қап бидайын сонда тығады. Оның үстіне анасының төсегін орнатып, бетін бүркеп жауып тастайды. Бірақ «шаш ал десе, бас алатын» биліктің жалаңдаған қолшоқпарлары әр үйді тінтіп, тапқанын-тапқандай «кәмпескелеп жатыр» деген хабарды естіп, алаңкөңіл күйде болады. Солай жүргенде көлден балық аулап күн көріп жүрген қаба сақалды кісі кезіге кетеді. Ол «Старообрядцы» деген діни ағымды ұстанатын орыс ұлтының өкілі екен. Өмірбай атамызға «Жан баласына білдірмей, астығыңды түгел көлдің ішіне қайықпен апарып, ешкім таппайтындай етемін» деп уәде береді. Сөйтіп, барлық қапты қайығына тиеп алып, сол кеткеннен мол кетеді. Бір үйлі жанға азық болып отырған бидай да, оны қауіпсіз жерге орналастырып берем деген қаба сақалды да осылайша жоқ болады. Бұл жағдайдан кейін Өмірбай атамның анасы, 2–3 жастағы қарындасы Анар аштықтан о дүниелік болады. Алданғанын түсініп, сан соғып қалған Өмірбай атам да «отбасымды осындай жағдайға ұшыратқан менмін» деп өз-өзін кінәлап, ас-су ішпей қайтыс болады. Онымен қоса көлдің суын шаруашылыққа пайдаланып, бидай егіп, әр отбасы өз қамын жасап күн кешіп жатқанда отыз екінші-отыз үшінші жылдардағы аштық бұл өңірге де жетіпті.
Ол кезде Бүбітай әжеміз отыз жас шамасындағы жас келіншек екен, Қоңырау және Қонар (менің нағашы атам) деген екі ұлымен жалғыз қалады. Қайғыдан қан жұтса да тірі адам тіршілігін жасайды, енді екі перзентін аман алып қалмаққа бекініп, амал-шарғы іздейді. Ел-жұрттан сұрастырса, Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі төркініне аштық әлі бара қоймаған екен. Содан сол жаққа жол тартпақ болады. Бірақ сапар қауіп-қатерге толы болмақ, өйткені ауылға жету үшін Қаратауды кесіп өтуі керек. Ал Қаратау – Тәңір тауы тау жүйесінің солтүстік-батысында орналасқан жота, оның кейбір жерлерінің ені 60–80 шақырымды алып жатыр. Жоталардың тау бастары тегістеу келген жазық болса, беткейлері шатқалды, тік жартасты. Оған қоса жалғыз-жарым жүрген жанға сол жерді мекен еткен жыртқыш аңдар да үрей туғызары хақ.
Қалай дегенмен де өзі нәзік жаратылыс иесі бола тұра әжемнің қайтпас қайсарлығы осы жерде байқалады. Атамның айтуынша, әжем екеуі жаяу-жалпы жол азабын тартып келе жатқанда қас қарайып, ымырт үйіріледі. Содан аң-құсқа жем болмайық деп бір үңгірді тауып алып паналайды. Бірақ бірте-бірте ұлыған аш бөрілердің даусы жақындай түседі. Әжем түні бойы көз ілмей, ағаш шоқпармен тасты ұрып, айқайлап, зәре-құтты алған қасқырларды үркітумен болады. Қонар атам: «Алты жастағы бала болсам да сол түнгі апамның бойындағы үрейді сездім. Егер апам айбарланып сес көрсетпегенде, аш қасқырлар бізді талап кететін еді. Апамның айқайлай-айқайлай қарлыққан үні түні бойы бір минут та үзілмеді. Әйтеуір, бір кезде құлан иектеніп таң атты… Апам менің тірі қалуым үшін осылай жанталаса күресіп еді» – деп анасын еске алғанда жасы алпысты алқымдаған Қонар атамның дауысы дірілдеп, көзіне жас үйірілетін. «Сол кезде апам ағамды емес, жолға неге мені алып шыққанын түсінбедім», – дейтін. Екі баламен жолға шығу барлығы үшін қауіпті екенін білген әжем, амал жоқ, «екеуінің біреуі болса да тірі қалсын» деген ұйғарымға келген. Сөйтіп, Қоңырау атамызды сол Билікөлдегі аталас туыстардың үйіне тастаған. Оның үстіне «екі-үш адам болсақ ол туысқандарымызға салмақ болатын еді.» Кейінірек жылдар өте келе, әжемнің екі баласы бір-біріміен қауышыпты. Аллаға шүкір, әжемнің екі баласы да тірі қалып, аман-есен жетіліп, отбасылы болған.
Жалпы, тағдыр тауқыметін қайыспай көтере білген Бүбітай әжем 1900 жылдың күзінде дүниеге келіпті. Әжемнің бейнесі еміс-еміс есімде қалыпты. Ірі денелі, қақ-соқпен ісі жоқ, өсек-аяң, қулық-сұмдықты білмейтін, тірі пендеге жазықсыз тілі тимеген, кимешегін басынан тастамайтын, мұнтаздай таза, тәкаппар қалпында сақталыпты. Әжеміздің үйіне қыдырып бара қалсақ, дастарқан басында отырғанда нан қоқымын шашқызбайтын, тіпті, сүт қатқан шайды жерге төккізбейтін. Осылайша әр заттың ысырап болуына жол бермейтін. «Барлығы жеткілікті, молшылық, бірақ әжемнің бәрін сыпырып-сиырып жүруінің себебі неде екен?..» деген ой келетін маған сонда. Қарап отырсам, оның бәрі жастар үшін үлкен тәрбие екен ғой.
Сонау 15 жасымдағы атамның әңгімесіне оралсақ. Ол кісі: «Айгүлжан, сен небір қиындықтарды еңсерген менің батыр анам туралы әңгіме жазсаң керемет болар еді!» – деген үмітпен сөзінің соңын аяқтаған болатын. Бірақ мен жөпелдемде: «Мен жазушы болмаймын ғой. Қалай жазамын, қызықсыз, атау?!» – деп күліп жауап берген едім. Атамның сондағы алысқа көз тігіп, қалың ойға шомып отырғаны әлі есімде. Міне, аяулы атамның осы аманаты жүрегімде ұялағанына да 30 жылдың жүзі болыпты. Бұл уақыт аралығында өзім де тұрмыс құрып, бала-шағалы болдым. Оларды жеткізіп, азамат атандырдым. Іштей «атамның арманын орындай алмадым-ау» деген өкінішім болатын. Міне, бүгін сіздер арқылы оны орындай алғаныма сондай қуаныштымын!
Күйік асуын көлікпен кесіп өткен сайын, әсіресе, түнеріп тұрған ауа райында бойымды үрей билеп, қарт Қаратаудың жоталарында ашқұрсақ келе жатқан әжем көзге елестейді… Ондай нәубетті біздің басымызға қайта бермесін деп тілеймін. Дегенмен қиын-қыстау күн туса, балаларым үшін әжемнің бойындағы қайсарлықты өзімнің де қайталай алатыныма сенімдімін. Өйткені «адам ұрпағымен мың жасайды».
Әңгімені жазған: Айгүл Қалиева
Редактор: Айнұр Ермаханова