Экватор асқан Рыскелді Ата

Мен 1942 жылдың 22 шілдесінде өмірге келдім. Дүние есігін ашқан сәтім миллиондаған адамның өмірін жалмаған соғыспен тұспа-тұс келді. Әкем Жақаш пен шешем Әбзелден екі қыз, төрт ұл тарайды. Мен үйдің сүт кенжесімін. Шешем маған жүкті кезінде әкемді соғысқа алып кеткен екен. Содан есімімді «ырыс келді» деп ырымдап «Рыскелді» қойыпты. Бірақ әкем сол кеткеннен оралмады. Қанды қырғын соғыста шейіт болды.

Шешеміз бізді өсіру үшін совхозда сауыншы болып істеді. Таң атқаннан қара кешке дейін дамылсыз төрт мезгіл 20–30 сиыр сауатын. Қандай қиыншылық болса да қайтпас қажырлылық таныта білді. Шешем үнемі басынан кимешегін тастамайтын, кірпияз, өте ұқыпты адам еді. Үстіне бір шаң жуытпай таза жүретін.

Сұм соғыстың салдарынан өзіміз бала болсақ та асыр салып ойнамай, еңбекке ерте араластық, ерте есейдік. Совхоздың бұзауын бағып, тірліктің бәріне атсалысатынбыз. Мен туып-өскен Талдыда (қазіргі Алматы облысының Кеген ауданындағы Бөлексаз ауылының жайлауы) қыстыгүні қар қалың түсетін. Толассыз жауған қар үйді басып қалатын, сол кезде үйдің төбесін ойып, есік жасап қоятын. Сондағы тұратын үйіміз қос бөлмелі аласа тоқал там. Сол құрқылтайдың ұясындай үйден бүкіл бала-шаға өсіп шықтық, еңбекпен жетілдік.

Балалық шағымда шешем жусай қосылған бунаны жиі жасайтын. Оның дәмі әлі күнге дейін аузымда. Ешқашан есімнен кетпейді. Сондай-ақ Талдының май зауытынан шығатын сары майдың дәмін де әлі ұмытпаймын…

Ерте жастан шаруаға араластық деп жоғарыда айтып өттім ғой, кейде ойынға да уақыт табатынбыз. Сиырдың түлеген өлі жүнінің ортасына тас салып илеп, одан доп жасайтын едік. Бір топ бала мәз болып «алып-қашпа доп» ойнайтынбыз. Сосын ауылда қандай да бір қуаныш, той-жиын болса, айтыссыз өтпеуші еді. Киіз үйдің киізі түріліп, сахнаға айналатын. Сыртына жайғасқан жұрт екіге бөлініп, айтыскерлердің өнерін тамашалайтын. Ал айтыскер ақындар өз ауылымыздың қыз-жігіттері еді. Сондай-ақ ол кезде жастар ақсүйек ойнайтын.

Мен Талдыда төрт жылдық мектепте оқыдым, мұғалімім ұлағаты мол марқұм Әбдірәсіл ағай еді. Одан кейін Кегендегі пансионда жатып білім алдым. 8-сыныптан соң Жалаңашта шопырлықты оқыдым. Мұнда техниканың қыр-сырына қанығып, жаңа машық үйренгенім әскерге баруыма да себеп болды. Біздің кезде жастарды Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге КСРО аумағындағы кез келген жерге жіберетін. Мен Владивостоктағы теңіз флотында әскери қызмет еттім. Сол жақта машинист-турбинистің оқуын оқыдым. Тынық мұхитта неше түрлі тапсырмалармен ұзақ мерзімдік экипаж сапарында болдым. Экватордан асып Индонезияда болдық. Ол жақтағы халықтың ас-суы құнарсыз екен, әскердің өз паегімен тамақтандық. Индонезияда жүргенде Американың суасты кемелерін де көрдік. Жалпы, ол ел неше түрлі мәдениеттер тоғысқан, түрлі ұлттар мен этникалық топтардан құралған халқы бар мемлекет екен.

Әскерден қайтқан соң, Тұйық ауылындағы кеніште шахтер болып жұмыс істедім. Ол жерден мырыш, қорғасын алатынбыз. Оларды өңдеу үшін Текелі қорғасын-мырыш комбинатына жіберетінбіз. Шахтадағы жұмыстан кейін Кегенде ептілік пен ыждағаттылықты талап ететін кәсіптің тізгінін ұстадым, яғни кран жүргізушісі болып қызмет еттім. Отау құрып, бала-шағалы болдым, ұрпағым қанат жайды.

Жалпы, бала кезден ағаш жонып, түрлі бұйымдар жасау өнеріне де қызықтым. Ең алғаш қораның тақтайын қырып-жонып бір зат жасағаным есімде. Өскен соң арнайы құрал-саймандар сатып алып, үйге, ағайын-туыстың тұрмысына қажетті көптеген дүние жасадым.

Сөзімнің соңында жастарға айтарым: үйде болсын, түзде болсын ешқашан өтірік айтпаңдар. Бұл бүкіл нәрсеге зиянын тигізеді.

Сұхбат беруші: Рыскелді Жақашұлы

Әңгімені жазып алған: Абылай Амантай

Редактор: Ермаханова Айнура