Қазақ елі – батырларға бай халық, өзінің әр дәуірдегі батырымен мақтана алады. Мысалға, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерлігімен тарих төрінен ойып тұрып орын алған, қалың жұрттың құрметіне бөленген жаужүрек тұлғаларымыз қаншама. Сонымен қатар есімі елеусіз қалған, біз біле бермейтін, бағаланбаған батырлар да бар ел арасында. Менің әңгімем жалпақ жұртқа танымал болмаса да, өзі туып-өскен ауыл-аймақ пен әулетіне аса сыйлы азамат, сұм соғыстың куәсі болған қаһарман тұлға туралы болмақ.
Менің атамның аты-жөні – Қали Ордабаев. Ол 1909 жылы дүниеге келген. Жамбыл облысының Талас ауданындағы «Кеңес» совхозынан 1942 жылы майданға аттанған. Атқыштар дивизиясына түскен ол от пен оқтың, талай қантөгістің ортасында жүреді. Қолына қару алып, Сталинград үшін болған қиян-кескі шайқасқа да қатысады. Кезекті бір қанды ұрыста тасада тұрып кеңес солдаттарын жер жастандырып жатқан неміс снайперінің оғы атама тиіп, кеңірдегін тесіп өтіпті. Ауыр жараланған атамның үсті-басы қан жоса боп, ес-түссіз ұрыс даласында жатады. Әлде де көретін жарығы бар екен, соғыс алаңынан медбикелер ме, сарбаздар ма алып шығады. Бір қызығы, атамды әскери госпитальға адамдар әкелмеген, шанаға жегілген иттер əупірімдеп жеткізіпті. Осы тұста жан-жануардың ішіндегі ең ақылдылары жылқы мен ит екеніне тағы бір рет көз жеткізуге болады. Солдаттар жан алысып, жан берісіп соғысып жатқанда, жеті қазынаның біріне баланған санитар иттер өз міндетін мүлтіксіз атқарғанына мың шүкір деймін.
Сондай-ақ сол кездегі ақ халатты абзал жандар – дәрігерлерге де алғыс айтып, басымды иемін. Олар ажал аузында жатқан атамды арашалап алып, кеңірдегіне темір салып берген. Сол темірдің тесігін бассаң, атамның даусы шығып сөйлейтін. Осыған байланысты ауыл-аймақ түгел атамды «тесік Қали» деп атайтын. Ол темірді дембіл-дембіл (қайта-қайта) тазалап отырмаса іші толып, атамның даусы шықпай қалатын.
Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген сұрапыл соғыс атамның тәніне ғана емес, жүрегіне де жазылмас жара салды. Ол кісі соғыс қасіретін көріп қана қоймай, одан кейінгі 40 жылдық өмірінде де соның зардабын тартты. І топ мүгедегі болып, бейбіт күнде дертіне дауа іздеумен болды. Адамға ауа жетпегенде қандай жағдайда болатынын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Мен атамның тынысы тарылып, дем ала алмай қиналғанын, бір жұтым ауаның қаншалықтың тынысы тарылы 2019 жылы жер жаһанды жайлаған коронавирус індетіне шалдыққанда түсіндім.
Атам жайлы толғанып әңгімелегенде оның бар жағдайын жасап, бабын тапқан Қызтай апама тоқталмай кеткенім жөн болмас. Апамның еңбегі өзінше бір дастан болары сөзсіз. Жалпы, қазақтың қыз-келіншектерінің барлығы дерлік тылдың батырлары. Ол кісілердің есіл еңбегін жадымыздан өшірмейтінімізге сенімдімін. Әр батырдың артында көреген, дана әйел тұратынын білеміз.
Менің атам – жолы болған солдат, соғыстан аман оралып, бала-шағалы, немере-шөберелі болып бейбіт өмірді көрді. Қаншама тағдыр тәлкегіне ұшырап, нәубеттің ащы дәмін татса да, елге келген соң мойымай, қолдан келген жұмыстың бәрін атқарды. Соғыста көрсеткен ерен ерлігі үшін бірнеше орден-медальмен марапатталды. 1980 жылы Ұлы Жеңістің 35 жылдығына орай баспасөз бетінде «Ауыл ардагері» деген атпен атам туралы мақала жарияланды. Атам марқұм 1986 жылы, 77 жасында қайтыс болды.
Менің атам өте байсалды, момын кісі болатын. Соғыстың зардабынан кейін бе, барлығына сабырлықпен қарайтын. Аспан төңкеріліп жерге түссе де міз бақпайтын, не болса соған көтеріле қоймайтын. Атамның он екі баласынан жүз шақты немере-шөбере тараған. Атам немерелерін айналып-толғанып, қатты еркелететін. Зейнетақысын алғанда әр жолы маған қып-қызыл 10 рубль беретін. Ол кезде бұл үлкен ақша! Ас атасы нанның өзі 21 тиын болатын сол заманда. Содан атам берген ақшаның 1–2 рубліне парктегі аттракционның бәріне отырып, сосын балмұздақ алып жеп мәз болатынмын. Атамның маңдайымнан иіскеп, арқамнан қағып еркелетуін сағындым…
Әңгімені жазған: Қалиева Айгүл
Редактор: Ермаханова Айнура