13 ҚҰРСАҚ КӨТЕРІП, 2 РЕТ ЕГІЗ ТАПҚАН БАТЫР АНА

Мен ата-әжемнің бауырында махаббат пен қамқорлыққа шомылып өскен баламын. Сондықтан,  ата-әжеме деген ықыласым ерекше.  Бірақ, қазіргі түсінік бойынша «баланы ата-әженің қолына бермеу керек» деп жатады ғой, оның да қисыны бар. Мысалы, мен әкемнің мойнына асылып, «папа, сені сағындым, жақсы көремін» дей алмаймын. Қанша жақсы көріп тұрсам да олай деп айтуға іштей бірдеңе жібермей тұрады. Ал туғаннан ата-анамның қасынан бір елі ажырамай өскен үш бауырым перзенттік махаббатын, сағынышын қысылмай айта алады…

Мен ата-әжемнің тұңғыш немересімін, ал әкем – олардың ең үлкен ұлы, одан кейін 6 қызы бар. Әжемнің есімі – Заря. Таң ата шыр етіп жарық дүниеге келген соң атын солай қойған, бірақ бүкіл ауыл, туған-туыс «Зәркен» деп атап кеткен. Әжем 13 құрсақ көтерген, оның ішінде екі рет егіз тапқан: Бекзат-Перизат және Айман-Шолпан. Бүгінде жеті баласы тірі, ал қалған алтауын жер қойнына тапсырған. Қыстың қаһарлы күнінде киіз үйде егіздерді бағу қиын болған шығар, Айман-Шолпанның біреуі бір айлық , біреуі бес  айлығында шетінеген дейді.  Шынар деген әпкемді әжем киіз үйде ай-күні жетпей ерте босанып қойған екен. Ол кезде қасында үлкендерден ешкім болмаған. Содан нәрестенің кіндігін өзі кескен. Шақалақ өте шала  болып дүниеге келіпті. Әлжуаз әрі мерзімінен ерте туған оны бәрі «адам болмайды» депті. Қазақта шала туған баланы тымаққа салып қоятын дәстүр бар. Шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымақ жылы әрі бөлеуге ыңғайлы болған соң шалабайларды соған салып кереге басына іліп қоятын болған. Шынар әпкемді де қанша күні кем болса, сонша күн тымаққа салып өсірген. Сосын әжем дәруменге бай ешкінің сүтін сауып әкеліп, қызының аузына тамшылап тамызады екен. «Бүгін тірі шықтық, құдайға шүкір, әй, ертең өліп қалмаса болар» деп Жаратқаннан күндіз-түні амандығын тілеп жүрдім», – деп әжем үміт пен күдікке толы, арпалыспен өткерген сол бір қиын күндерін есіне алып отырады

Әжемнің әкесі Смағұл атам – соғысқа қатысып, елге аман оралған майдангер. Өзі Петропавлда білім алыпты, және әжемнің анасымен сол жақта танысыпты.  Оқуын бітірген соң үйленіп, Жаңаарқаға бастауыш сыныптар  мұғалімі болып барады. Сонда мектеп директорына дейін көтеріледі. Атам мен әжем де сол Жаңаарқада танысқан. Әжемнің 15-17 жасында атам мотоциклмен алып қашып, үйіне келін етіп түсірген. Екеуінің арасы – 9 жас. Әжемнің әкесі «Оқуыңды аяқтамай күйеуге тиіп кеттің» деп қызына қатты ренжіген көрінеді.

Атам – Қарағанды облысының (қазіргі Ұлытау облысының) Жаңаарқа ауданы Ақтау ауылының тумасы, Сайдалы, қақсал  руынан. Атамның үлкен атасы Кенесары ханның қасында жүрген серіктерінің бірі болған дейді. Кенесары Қасымұлының Ақтау бекінісіне шабуылы сол біздің Ақтау өңірінде болған Атамның әкесі ерте қайтыс боп кетіп, шешесі 4 ұл мен 1 қызды асырап-баққан. Үлкен әжем, атам мен әжем, атамның аға-жеңгесі, олардың  бала-шағасы – барлығы бір шаңырақ астында біршама жыл тату-тәтті тұрған. Абысынымен әжем сырлас құрбы болған, сөзге келіп көрмеген. Ол кісі әжеме шаруаның бәрін үйреткен екен.

Ақтау ауылының ар жағында Қызылтау деген қыстақ бар. Сол жерде ата-әжем колхоздың малын баққан. Балалары интернатта жатып оқып, жазғы үш ай демалыста ғана үйге келеді екен. Атам серілігі бар кісі болған. Мотоциклінеіне мініп алып, апталап жоғалып кетеді екен(күлді). Ауыл-ауылды аралап, жолдастарына кетіп қала ма немесе жұмыстарымен жүре ме, әйтеуір көбінесе түзде жүрген. Ондайда отағасының бар-жоғын білдірмей, колхоздың мыңдаған қойын әжем қараған. Мал бағатын көмекші кісілер болса да бар тірлікке әжем бас-көз болып жүрген. «Атаңды күтіп отырмай, өзім қойды сойып жіберіп, ішек-қарын тазалап, ас дайындай беретінмін», – дейді әжем.

Бірде атам баяғы серілігіне басып ел аралап кетіпті. Ал әжем болса айдаладағы үйде шиеттей балаларымен жалғыз қалған ғой. Кеш қарайғанда қойды қораға қамап, балалардың ас-суын беріп, далаға шықса, сонау қыр басында сұлбасы адамға ұқсас біреу отыр екен. Алғашында «қорыққаннан көзіме қос көрінген болар» деп топшылайды. Содан арада бір сағат өтеді, екі сағат өтеді, ана адам әлі шоқиып отыр дейді. Сосын бойына үрей ұялап, «мені өлтіру үшін қас қарайғанын күтіп отырған қанішер біреу ме?..» деп ойлайды. Бүкіл құжаттарын  беліне байлап, бірнеше айлық сәбиін қолына ұстап, одан кішісін  оқушы  қызына беріп, 4-5 баламен  шалғайдағы совхозға қарай үйдің артымен қашқан ғой. Ойлаңызшы, кешкі уақытта  шыққаннан таңертең  бір-ақ жеткен совхозға. Кейін ауыл адамдарын ертіп келіп қараса, қырдағы кісі атама қой бағуға жәрдемдесетін орыс көмекшісі екен. Оның қыстақтан қашып кеткеніне бірнеше айдың жүзі болыпты. Қайта келуін келгенмен, атамнан қорқып, үйге беттей алмай отыр екен… Айта берсең, әжемнің басынан небір оқиғалар өткен

Кішкентай кезімде әке-шешем мені ата-әжеме тастап, оқуларын жалғастыру үшін Алматыға кетіпті. Мен өте момын, ештеңемен ісі жоқ томпиған бала болыппын. Таңертең көршілердің біреуі жетектеп алып кеткеннен мені кешке таман бір-ақ табады екен ата-әжем. Сонда мен әркімнің үйінде жыламай жүре беретін болғам ғой. Әжемнің айтуынша, етті жақсы көріп, ет асқан үйден ұялмай май сұрап жейді екем. Алты жасыма дейін сол қыстақта тұрдық. Ол жер мен совхоздың арасы 15–20 км болатын. Совхозда әке-шешем тұратын. Әкем поштада елге зейнетақы таратса, анам мектепте мұғалім боп істейтін. Жұма күні мені көру үшін анам қайын сіңлісін қасына ертіп, қыстаққа қарай жаяу шығады екен. Жолда көлікжолықса, сонымен жетіп алады. Кейде әжем «әке-шешесін сағынып жүр, апарып таста» деп мені көршілерге қосып жібереді. Сонда қыстақтан атпен кетіп, трактормен келеді екем ғой. 5–6 жылдан кейін ата-әжем малды сатып, аудан орталығына көшіп келдік. Аудан деген қала сияқты, ары кетсе 1–2 сиыр ғана ұстайсың. Сол жерден мектеп- гимназияға бардым. Мектеп үйден тым алыс еді, сондықтан оқуға атам апарып әкелетін. Қыстыгүні ақ қар, көк мұзда өзі жасаған шанамен таситын. Атам қысылғанымды аңғармастан шананы кабинетке дейін кіргізіп, бұрышқа қоятын. Бір сыныпта 25–30 оқушымыз, атам мұғаліміме: «Әй, қалқам, біз келдік. Менің қызым алдында отырсын», – деп ескертетін. Сосын өзі сол маңдағы шал-шауқандармен қауқылдасып, сабағым біткенше күтіп отыратын. Ең соңғы сабақ «Валеология» болған күні: «Баланың миын ашыттыңдар ғой, түге. Математиканы, қазақ тілін оқыды, сол да жетер. Менің балама бұдан басқасының керегі жоқ», – деп мені соңғы сабаққа қалдырмай алып кететін. Өзінің іші пысқан соң ба, әлде қарны ашқаннан кейін бе екен?.. (күлді). Сөйтіп әжем тігіп берген сөмкемнен тәтті-пәттімді, құртымды шығарып, шана үстінде жеп қайтатынмын. 1–2 сыныпта дәл солай үзбей шанамен тасыды. Мен бесіншіде оқып жүргенде кенеттен атам сырқаттанып қалды. Дәрігерге тексерілсе, бауырында ісік бар екен. Ауруы асқынып кетіпті, көп өтпей қайтыс болды… Біз аудан орталығына көшкенде әке-шешем совхозда қалып, сол жақта дүкен ашқан еді. Атам қайтқан соң үйді сатып, папам әжемді ауылға көшіріп алды. Ата-анам, бауырларыммен бәріміз бірге тұрдық.

Мамам мұғалім болған соң таңнан кешке дейін мектепте жүреді. Содан әжем таңертең пеш жағып, самаурын қояды, сүт пісіріп, сепаратордан қаймақ тартады. Ірімшік-құрт жасап, қымыз, айран да ашытады. Сол үйдің келіні мамам емес, құдды әжем сияқты (күлді). «Мен аяқ жазып тыныш отыра алмаймын, тірлікке әбден үйренгенмін», – дейтін. Үй шаруасын жайғап болғасын бөлмесіне кіріп, іс тігетін. Жалпы, әжем – жан-жақты, он саусағынан өнер тамған жан, маған кішкентай кезімде бас киім, шапан, байпақ тігіп беретін. Mендегі киімнің көбі «Мade in Әже» болатын. Одан бөлек әжем 3 шөбересіне де, яғни менің балаларыма да жилетка, шапан, байпақты өз қолымен тігіп берді. Әлі күнге өз көйлегін өзі тігіп киеді, құрақ құрайды. Бірақ, өкінішке орай, ол қабілеті маған дарымаған. Тұрмысқа шыққанда жасауымды да әжем өз қолымен даярлаған еді. Әжемді қалжыңдап «бизнесмен» деп атаймын. Өйткені бізде пүліштен, велюрдан тігіліп, сыйлы қонақтардың иығына жабатын «Жаңаарқаның хит шапаны» деген бар. Әжем оларды тапсырыспен тігіп, біреуін 2000–2500 теңгеге сатады. Сосын оған дәрі-дәрмегін, керек жарағын аладыБұрын ол кісінің кнопкілі телефоны болатын. Кейін «Пәленшенің балалары бетін сипайтын телефон алып беріпті. Сондай күшті сияқты», – деп бізге тұспалдап айтты. Содан қазір енді әжемнің екі «крутой» телефоны бар (күліп).

 

Желтоқсаншылар отбасы

Әжем қай кезде де бар жылы-жұмсағын менің аузыма тосатын. Студент болып Қарағандыда оқып жүргенімде «Сен алаңдамай сабағыңды оқы» деп маған ауылдан тұшпара түйіп, қатырып беріп жіберетін. Етті де әр пакетке бөліп салып, сыртына «Айзок, мына ет макаронға», «мынаны ет асқанда саласың» деп жазып қоятын. Сосын сорпа, кеспе жасағанда ерекше дәм беретін торта майын да қоса салатын. Бірауыз сөзбен айтқанда, әжем мені мәпелеп өсіріп, қашанда қасымнан табылуға тырысты.

Тұңғышым Диляраны босанғанда магистратурада оқитын едім. Қызымды әжем бақты, бесікке бөлеп, тамағын берді. Сол үшін Қарағандыға келіп бізбен бірге тұрды. Жолдасым Рауан екеуміз баланы әжеме тастап, қыдырып кетіп қалатынбыз. Сонда әжем «қашан келесіңдер, баланың қарны ашты ғой» деп звондап, мазамызды алмайтын. Өзі жуындырып, шаш-тырнағын алып, киімін үтіктеп, тәп-тәтті ғып ұйықтатып қоятын. Қызым тоғыз айлық болғанда университетке сабақ беруге шықтым. Еш уайымдамастан баланы әжеме бердім, 3–4 жасына дейін әжемнің қолында өсті. Екінші қызымда да дәл солай қарайласты. Негізінде, әжем немерелерін ғана емес, шөберелерін де бағып-қақты. Қазір 95-жылғы інімнің балаларына да бас-көз болады. Ал мамам әлі күнге қызметте, олимпиада, жарыс деп оқушыларды анда-мұнда тасып жүреді.

Анам жайлы сөз қозғасам, ол – Жетісайдың, нағыз салт-дәстүр сақталған жердің қызы. Мектепті аяқтаған соң өз күшімен Алматыға оқуға түскен.

Сөздің реті келгенде айта кетейін, 86-жылғы Желтоқсан оқиғасына менің әкем де, анам да қатысқан. Группаластарымен бірге алаңға шыққан  Жастар «бейбіт митингіге қатысып, билікке талап-тілегімізді жеткіземіз» деген оймен алаңға лек-легімен ағылған. Бірақ бейбіт шерудің соңы қантөгіске, қатыгездікпен басып-жаншуға ұласып кеткені тарих беттерінен белгілі. Әскери жасақтар қақаған қыста мұздай су шашып, иттермен тап беріп, аяусыз ұрып-соғып жатқасын жастар қашып, бас сауғалаған. Мамамдар да қашып, бір дүкеннің алдына келгенде әскери форма киген қазақ жігіті тұр екен. «Не істеп жүрсіңдер? Бұл жерге неге келдіңдер? Тез мына дүкенге кіріп бой тасалаңдар. Ал сосын жатақханаларыңа барып тыныш жатыңдар!» – деп ұрысып, жол көрсетеді. Дүкендегі сатушы да жастарға жаны ашып, екінші есіктен шығарып жібереді. Сөйтіп қарулы әскер қолынан әрең құтылыпты. Сол кезде көптеген жастар қуғын көріп, оқудан шығарылды, қамауға алынып, сотталды, партиядан, комсомол қатарынан шығарылды. Алматы дүрлігіп, желтоқсаншыларды қуғындап жатқанда папам әскерге кетіп қалған.

Әскери борышын өтеп келген соң оқуын жалғастырып, мамаммен танысыпты.  Әкем үйленуге сөз салғанда  мамам бірден келіскен. Әкем Нархозда бухгалтер мамандығында оқыса, анам (қайда?) болашақ химия-биология пәнінің мұғалімі екен. Екеуі көңіл жарастырған соң мамыр айында достарымен әкемнің үйіне, Қарағандыға жол тартады. Ол жаққа пойыз  1 күндей жүреді. Біраз жол жүріп бір станциядан түседі, мамам «болды, жеттік» деп ойлап отырса, тағы бір пойызға мінуі керек екен. Сөйтіп 5–6 сағаттан кейін Жарық деген станцияға жетеді. «Е-е, енді келдік пе?» – деп сұраса, «Жоқ, әлі Жаңаарқа ауданына барамыз», – дейді әкем. Содан жолшыбай көлікті тоқтатып, Жаңаарқаға да жетеді. Мамам: «Осы жер ме?» – десе, «Жоқ, әрі қарай ауылға барамыз», – деген жауап естиді. Сосын «ЗИЛ» машинасымен шұрық тесік жолда итшілеп жүріп Ақтауға ат басын тірейді. Одан әрі қыстаққа трактордың тележкасында шайқатылып барған. Алматыдай алып шаһардан кішкентай бір қыстаққа келін болып түсуі үшін анам 3 күн бойы жол азабын тартқан ғой (күліп). Қыстақта күнде ет асады екен. Ата-әжем мамамның әке-шешесіне хабар жеткізейік деп бір күні жолға жиналыпты. Олар Жезқазған–Ташкент (ұшақ)–Шымкент–Жетісай бағытында біраз шақырымды артқа тастап жетіпті. Сосын құдаларына барып, «қыздарыңыз Жезқазған жаққа, біздің шаңыраққа келін болып түсті» деп жөн-жосықты түсіндіріп айтқан ғой. Сөйтсе, нағашыларым: «Құдай-ау, сонша алысқа кетпей-ақ, ол қызға осы ауылдан да жігіт табылар еді. Қазір артынан баруға жағдайымыз жоқ, қалсын. Тойдың күнін белгілеген соң алдын ала телеграмма салыңыздар. Сол кезде барамыз», – депті.

Той күні белгілі болған соң ауылына телеграмма саларда анам «Мама-папа, маған бір қап сәбіз,  қызанақ-қияр, қырыққабат, қауын-қарбыз ала келіңдерші. Бұл жақта көкөніс деген атымен жоқ, Күні-түні тек ет жейді» деп хабар жібереді. Ата-анамның тойы 1990 жылы тамыз айында болған. Сонымен тойға келгенде мамамның төркіні жемістер мен көкөністерді толтырып көлікке тиеп әкеліпті. Ауылдың адамдары қарбызды сол кезде алғаш рет көрген екен. Мамам палау пісіргенде көршілер таңсық көріп, келіп дәм татыпты. Содан кейін анам палауды бір қазан ғып жасайтын болған. Жол алыстығы мен қиындығы бар, мамам төркініне 3–4 жылда бір рет қана баратын.

Әжем – мен үшін аңыз адам

Бір күні отбасылық чатқа «қымыз ішкім келеді» деп жазып жібердім. Әжем бірден звондап тұр: «Айзок, қымызың бітіпті ғой, жаңа әкең айтты. Менің тапсырысқа алған шапаным көп еді, бірақ саған бір күнге барып, қымыз апарып келейін», – дейді. «Әже, 500 км жол бар, шаршап қаласың, келмей-ақ қымызды тек салып жіберсеңдер болды», – деп шыр-пыр болып жатырмын мен. «Бір жағынан, сені де көргім кеп тұр, екінші жағынан, мұнда бітірер жұмысым да көп», – дейді. «Неге заказ аласың, әже? Зейнетақың да жетеді ғой саған», – деп жанашырлықпен ұрыссам, «Мен жұмыс істемей жүре алмаймын. Босқа қарап отырсам ауру боламын, орнымнан тұра алмай қалам. Құдай күнімді ешкімге қаратпасын. Сондықтан ары-бері қозғалып, сау жүргім келеді», – дейді. Үйде екі машина тұрса да, әжем баратын жеріне өзі жаяу кете береді.

Ол кісі Астанаға қыдырып келсе, бәрін қойып мата базарға барамыз. Сол жерден өзіне керегін алады. Менің ойымша, үлкен кісінің көп жұмыс істегені дұрыс емес. Бірақ, қарап отырсам, қарттық жасына жеткенде көбі басын көтере алмай, төсек тартып жатып қалады немесе таяқпен қалт-құлт етіп әрең жүреді. Ал менің әжем еңбекқорлығының арқасында өте тың, спортпен шұғылданатындардан кем емес. Әлі күнге таяққа сүйенбей, түп-түзу жүреді. Бір жерім ауырды деп шағымданған емес. Әжемнен үлгі алып, мен де үнемі қозғалыста болуға тырысамын. Менің ерінбей йогаға баратыныма «Не деген ерік-жігер сенікі» деп әріптестерім таңғалады. Ал атамнан маған шығармашылық қабілет дарыған. Ол кісі кітап оқығанды өте жақсы көретін. «Алпамыс батыр» жыры мен «Ұр, тоқпақ» ертегісін, М. Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңін оқып беретін. Оларды мен жаттап алған болатынмын. Ауылда тұрса да атам көзі ашық, көкірегі ояу жан еді, саясатқа қызығатын. Балаларын көрсін, білсін дейтін болған. Сондай-ақ атам өте қылжақбас кісі еді, құрдас кемпірлерді өлеңмен қағытып, тиісетін. Кешке далаға шығып отырғанда көшеден өтіп бара жатқан кемпір көрсем:

Ой, жаным Күләйша,

Кешегіндей күн қайда?!

Өйстіп-өйстіп билесең,

Амангелдіге ұнай ма?! – деп айқайлап, атам үйреткен өлеңді айтып беретінмін. Сондай-ақ әкемнің алты қарындасының ішінде Гүлшат әпкем де өлең жазады. Ақындық қабілет нағашы жұртымда да бар. Мамамның әкесі өлең-жырға жақын. Бойымда Алла берген 1% талант бар. Мектеп оқып жүргенде түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атандым. Абайдың 150 өлеңін жатқа оқып, көркемсөз оқу бойынша грант-при алған кезім де болды. Әр жетістігіме әжем қатты қуанады.

Менің асыл әжем өмірде көп бейнет көрген ғой. Бірақ сонда да атамды жамандамай, «сері болған» деп сөз арасында ғана айтатын. Көбіне-көп «Шал маған гүл теріп әкеп беретін, шал сүйтетін», – деп жаманын жасырып, жақсысын асырып, азамат басын қадірлей білетін. Бүгінгі таңда өзім де бір жан-жарымын. Бірақ қазіргі әйелдер күйеуінің оғаш қылықтарына, қорлығына төзіп жүрмейді. Әрине, қазір заман басқа, заң басқа. Дегенмен қазақтың болған ғой. Күйеулері жалқау болса да, барлық жұмысты өзі істеп, тырмысып-тырбанып жігіттің әйелдері ықылым заманнан қайсар мінезді, үйдің ұйытқысы әулеттің, берекесін берік қып ұстап отырған. Еріне «Неге жұмыс істемейсің?» деп те айтпаған ғой сонда шіркін. Үйдің бар тірлігін әйелдің міндеті деп атқара беретін. Әжем бір өзі жүріп түсте төрт түрлі тамақ істейтін, сенесіз бе?! Інім  картоп жемейді, ал сіңілімтұшпараны жақсы көреді. Солардың қалауын орындаймын деп тыным таппайтын. Үнемі «Еңбек ет, қыз балаға бос отырған жараспайды» деп ақылын айтатын әжем – мен үшін аңыз адам. Қазір Жаңаарқа ауданында, әке-шешемнің қолында тұрады. Қыздарына Таразға, Жезқазғанға, Алматыға қыдырып барып кеп жүреді. Бейнетінің зейнетін көріп, арамызда ұзақ жүрсе екен!

 

Сұхбат беруші: Айзада Рақымжанова

Әңгімені жазып алған: Гүлназ Туленова

Редактор: Айнұр Ермаханова