Аман қалған

Мұсахан – бабама бұл есімді Мұса пайғамбардың (ғ.с.) құрметіне қойған екен, уақыт өте келе атамның тегі Тарбағатайдың шұрайлы жерінен бастау алатын еркін, бай әулеттің атына айналды. Мұса — Мойше немесе Моисей есімдерінің арабша нұсқасы,  «суда жүзген» немесе «судан аман қалған» дегенді білдіреді. Бабама Мұсахан деп ат қойған адам өзінің сәуегей болғанын білді ме екен?

Егесін Мұсахан 1870 жылдары Тарбағатайдың етегінде орналасқан Жаңа-ауыл деген жердегі найман руынан шыққан байдың отбасында дүниеге келген. Ол дүниеге келгенде айнала шексіз созылып жатқан дала емес еді. Бекіністер, болыстар, генерал-губернаторлықтар әр жерден бір бой түзеп жатқан кез болатын. Егесін шетсіз-шексіз далада емес, дәлірек айтсақ, Батыс Сібір генерал-губернаторлығында дүниеге келген екен.

Мұсахан байдың ұрпағын жалғастырған Егесін мал басын көбейтіп, шаңырақ көтереді – бұл екеуі ол үшін молшылықтың көрсеткіші әрі өмірінің мәні болғаны сөзсіз. Кіші әйелі Зибилладан 9 ұл көрген. Егде тартқан шағында құдайдың жазуымен кенже ұлы – Базиолда дүние есігін ашады. Ол дүниеге келген кез алмағайып заман – 30-жылдарға тап келген еді. Кеңес өкіметі қазақтарға билік етіп, «кеңестік арман» жолында байлардың мүлкін тәркілеп, ұжымдастыруды қарқынды жүргізіп жатты.

Егесіннің байлығы жаңа заманның «тақиясына тар» болып шықты. Ауқатты қазақ ретінде «кулактарды жою» тізімінде жүрген атам қауіпті дер кезінде сезіп, отбасын – қарындасы мен оның балаларын, 9 ұлы мен кіші әйелі Зибилланы Қытайға көшіреді. Тынымсыз аққан өзеннің қатты ағыны да Қытай жерінен отбасына қауіпсіз тұрақ іздеген атамды тоқтата алмады.

Тағдыр бір айналдырса, шыр айналдырады – Егесін мен Зибилла өзеннен өтіп бара жатып, кенже ұлынан айырылып қала жаздайды. Атқа байланған бесікті асау өзен жұлып алып, арғы бетке ала жөнелгенде Базиолда небәрі 2 жаста еді. Көрер жарығы бар екен, оны құтқарып, анасына қайтарады. Міне, бір кездегі сәуегейлік шындыққа айналды – Мұсаханның ұрпағы аман қалды.

Егесін Мұсахан көпбалалы отбасына азық-түлік қажет екенін түсініп, ауылына қайтып, мал-мүлкінің бір бөлігін алып келуді ұйғарады. Бірақ тұтқынға түсіп, Зайсан түрмесіне қамалады. «Азат» сөзі екінші атына айналған «қазақ» үшін темір тор мен шынжыр тозақтың нышаны саналғаны сөзсіз. Түрмеде «жазасын» өтеген соң, кеңес офицерлері оны атып тастап, белгісіздер бейітіне жерлеген.

Қытай жерінде қалған сүйікті жары Зибилла мен ұлдары аштықтан қатты зардап шеккен. 9 баланың екеуі ғана аман қалады – кенжесі Базиолда мен одан үлкені Қинаят. 1938 жылы олар туған ауылына оралып, жаңа өмір бастауға бел буады. Қинаят есейе келе Марқакөлдің биік таулы орманына қарай көшіп, елден жырақ, Көк аспанға жақын жерде ғұмыр кешіп, ұрпақ өрбітті.

Базиолда болса, 1949 жылы Кенигсберг әскери училищесін (қазір Ресейдің Калининград қаласы – автор) тәмамдап, Шығыс Еуропадағы антикоммунистік партизан қозғалысы – Эстониядағы «орман ағайындарына» қарсы күреске ішінара ат салысады.

Ұзаққа созылмаған әскери қызметтен кейін 1952 жылы Семей малдәрігерлік институтына оқуға жіберіліп, бірінші болып аяқтаған 300 түлекпен қатар облыстағы алғашқы мамандардың бірі болады. Колхоздар мен совхоздарды құруға қатысады. Сонымен қатар коммунистік партияның мүшесі бола отырып, партиялық қызметте істеп, коммунизм мен социализм идеяларын насихаттайды. Сол тұста Семей педагогикалық институтын тәмамдап, алгебра мен анализ бастамалары пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жүрген Әтипа Зүлейхаға үйленеді. Екеуі үйлесімді жұп болып, үлкен отбасына айналды.

Шаңырақ көтерген Базиолда отбасымен Саржалға қоныс аударады, бұл маңда 1949-1989 жылдар аралығында жерүсті сынақтары жүргізілген Семей ядролық полигоны орналасқан еді.

  • Біз үлкен технологиялық прогрестің алдында тұрдық. Адам эволюциясының алды болдық. Сол кезде осылай ойлайтынмын… – дейтін Базиолда ата сұм уақытты еске алып. – Ядролық сынақ өткізілген күні ғимараттар құлауы мүмкін деп үйде отырмау керегін айтатын. Мектеп оқушылары аулада саптық жиын ұйымдастыратын, кейде бізді брезент шатырмен жабатын, кейде оны да жасамайтын. Жарылыс болғанда жер дірілдеп кететін, сол сәтте жерге жата қалатынбыз. Кейбір балалар қызығып, сарайлардың төбесіне шығып, айналаны қан қызыл түске бояған бұлтты тамашалайтын. Мектепте орта ғасырлар тарихы пәнінде сол кездің адамдарының бар ермегі – көпшілікпен өлім жазасын көру болған екенін оқитынбыз. Соны жабайылық деп ойладық. Ал қазір қарап отырсам, біз олардан артық емес екенбіз, өйткені біз өз ажалымызға тамсана қарайтынбыз. Әрі біздің ажал ұзақ және азапты болды.

Базиолда мен Әтипа Зүлейха 6 бала сүйді. Кейбіреуі қатерлі ісік ауруынан қайтыс болды, кейбіреуі ішкі ағзалары жоқ болып туылды, ал енді біріне қалыпты өмір сүру бұйырды. Ана сүтімен, сумен, ауамен радиацияны сіңірген олардың қаны әлі күнге дейін өзінің аяқталмаған тарихын жазу үстінде.

«Судан аман қалған» Базиолда Мұсахан 70 жасында өкпе ісігінен қайтыс болды. Ол туғандары мен достары үшін ең ұзаққа созылған бір айдың ішінде қатты солып кетті. Сүйген, білген адамның бәрін ұмытты, «кеңестік армандарды», барлық жетістігі құмға сіңген судай жоқ болды. Оның бар есінде қалғаны – атын Мұса пайғамбардың (ғ.с.) құрметіне қойып, Тарбағатайдың шұрайлы жерінен бастау алатын еркін, дәулетті әулеттің негізін салған Мұсаханнан тараған бай баласының мәңгіліктің өзенінде тербеліп бара жатқаны ғана.

 

Авторы: Айя Мұсахан

Редактор: Қымбат Калиева

Аударған: Перизат Кәрімқұл