Ата-баба ізімен…

Тектану дегеніміз – адамның тәрбиесі, өмірге көзқарасы, отбасындағы қарым-қатынасы мен рухы, яғни өзінің жеті атасын тануы.

1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқының өмірі басқаша болды. Біз өз көзқарасы мен менталитеті бар ұлт болдық. Бірақ кейін бұл ұрпақ жалғастығы бұзылды. Мен кезінде Кеңес өкіметіне кедергі болатын 70–80-дегі ақсақалдар тізімін көрдім. «Олар билікке қандай қиянат жасауы мүмкін?» деп ойланғанда, буындар арасын алшақтату екенін түсіндім. Кеңес өкіметінің «дін жоқ», «құдай жоқ» сынды саясатқа үндеуі арқылы біз тұлға ретіндегі тұтастығымызды жоғалттық. Халық психологиялық жарақат алды. ХХ ғасырға дейін болған дүниетанымымыздан, тарихымыздан айырылып қалдық.

Мен тектануға қалай келдім?.. Шамамен, 90-жылдардың аяғында «Мен кіммін? Қандай адаммын?» деген сауал маза бермей, артынша ізденіс пайда болды. Талай тренинг, дәріс тыңдадым. Содан отбасым, бала-шағам мен күйеуіме қатысты қорқынышым менің өмірімді қиындататынын түсіндім.  Бойымдағы сол қорқыныштан арылу үшін тағы бірнеше тренингке қатыстым. Арасында көмектескені де болды, бірақ біраз уақыттан кейін әсері кетіп, баяғы мазасыз күйге қайта түсетін едім. Сөйтіп жүріп 2005 жылы Валерий мен Лариса Докучаевтермен танысып, олардың кеңесіне жүгіндім. Валерий Васильевич – физика-математика ғылымдарының кандидаты, ал жұбайы Лариса Николаевна – философия  ғылымдарының кандидаты.

Бірінші семинарда генограмма жасадық. Оның шежіреден өзіндік айырмашылығы бар. Тектану тізбегінде тек әке ғана емес, шеше жағынан да ата-әжеңізді жазасыз. Өйткені адамның қалыптасуында екі жақ та үлкен рөл атқарады. Әрі ол 3–4 буыннан аспайды. Генограмма арқылы мен ата-әжемді танып-біліп қана қоймай, көптен көкейімде жүрген сұрағыма да жауап таптым. Менің екі әжем де жесір қалған екен. Атам итжеккенге айдалып кеткенде әжем 28 жаста болған, қайта тұрмыс құрмаған. Оған қоса екі баласынан да  айырылған. Ал нағашы әжем бірінші күйеуінен 30–35 жас шамасында жесір қалған. Кейін екінші рет менің нағашы атаммен бас қосқан. Нағашы атамның аштық кезінде бірінші әйелі мен баласы қайтыс болыпты. Ал әжем екі отбасында 9 баласынан айырылған екен. Сондықтан әжелерімнің жесірлігі менің де бойымда бейсаналы түрде үрей туғызғанын анықтадым.

Мен бірінші сыныпта оқығанда әжеммен бірге тұрдым. Ол кісі тұңғыш немересі – менімен бар қайғысын бөлісетін. Алғашқы күйеуінен Қоңыртай есімді қызы болған екен. Бірақ 13 жасында тіл-көз тиіп, қызы бір түнде қап-қара боп түтігіп қайтыс болыпты. Генограмма жасағанда осы жағдайды еске түсірдім. Менің де тұңғышым қыз бала, үнемі қызым үшін неге сонша қорқатынымды түсіндім. Сонда ғана бойымдағы үрей-қорқынышым арғы тегімнен бастау алатынын білдім. Бұл менің генетикалық жадымда сақталған қорқыныш болды. Докучаевтар ұсынған әдіс-тәсілдер бір жарым жылда осы қорқынышымнан түбегейлі арылуға көмектесті.

Сондай-ақ ұлтымыздың бойында құрбандық пен жетімдік синдромы да бар. Себебі аталарымыздың көбі кезінде соғыстың, түрлі зобалаңның кесірінен жетім қалды. Олардың бойында қалыптасқан мінез-құлық, жетімдік тақсыреті әлі күнге дейін, меніңше, халқымыздың 80–90 пайызында кездеседі. Бірақ бұл синдроммен жұмыс істеп, жоюға болады.

ХХ ғасырда әлеуметтік катаклизм болған революция, ашаршылық пен репрессия қазақ халқына ауыр тиіп, ұлттың генетикасында өз таңбасын қалдырды. Сондықтан көп отбасы «ата-бабаң туралы айтпа, сұрама, тіс жарма» деп, ата-бабасы туралы ақпараттан ажырап қалды. Менің арғы атам Мәткәрімді 1928–1929 жылдары Сібірге жер аударып жіберген. Мәткәрімнің ұлы Абдрахман атамыз да 1943 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған. Әкем қорқып, ата-бабалары туралы сұрауға батпаған. Содан 2018 жылы өзімнің бар қорқыныш, уайым-күдігім мен басқа жағымсыз сезімдерімді жеңіп, Мәткәрім атамды іздестіру үшін Маргиланға алғаш рет бардым. Ол –  Өзбекстанның Ферғана облысына қарасты қала. Арғы атам сол жерден шыққан деседі. Мен үшін бұл ізденіс жұмыстары аса маңызды болды. Өйткені көптеген жылдар бойы әжемнің «біз халық жауы болдық» деген сөздері мені қатты қынжылтқан еді.

Сөйтіп, Маргиланға жеткен соң ең бірінші тарихи музейін бетке алдық. Сол жердің директорымен танысып, келген мақсатымызды айттық. Арада қанша уақыт өтіп кеткеніне қарамастан біздің арғы атамызды іздеп келгенімізге олар аң-таң болды. Сол жерден атамыз туралы тың деректер таптық. Оның 3 мақта фабрикасы, сауда үйлері болған екен, жетімдер мен кедейлерге көмектесіп, өрт сөндіру ғимаратын салыпты. Сонда Мұхтархон бабамен таныстық, оның әкесі Мәткәрім атамның көзін көрген екен. Сол сапарда көп жылы сөз естідік, оның ішінде Мұхтархон бабаның: «Сіз осындай бабаңызды мақтан тұту керексіз» деген сөзінен кейін жүрегім тынышталып, жаным жай тапты. Тұла бойымды түсініксіз бір сезім биледі.

Мұхтархон баба Мәткәрім атамды іздестірудің тағы бірнеше фактісін айтты. «Оның үрім-бұтағы ел-жер асып кетіп қалуы мүмкін» деді және 2012 жылы бір ер адам келіп, атам туралы сұрағанын айтты. Өкінішке орай, Мұхтархон баба оның атын есіне түсіре алмады не телефон нөмірін де сақтамаған екен. Сол жайт «атамыздың ұрпақтары бар шығар» деген ойға итермеледі. Яғни бұл – бабалар тарихын зерттеу, атамды іздеу хикаям әлі аяқталмады деген сөз.

Бізге көп адам келеді. Олардың бірінші қояр сұрағы: «Не үшін ата-әжемізді білу керекпіз?» – дейді. Сонда «Егер ертең немере-шөберелерің сенің өзің түгіл атыңды білмесе, қандай сезімде боласың?» деп сұраймын. Көп адам өзінің ұмытылып кеткенін қаламайды. Ал бұл көптеген сұраққа жауап деп білемін.

Сұхбат берген: Әлия Сағымбаева

Әңгімені жазып алған: Қымбат Калиева

Редактор: Айнұр Ермаханова