Атамның ізімен

«Мамандық таңдағанда неге менің қалауым экономистікке түсті?..» деп жиі ойлайтынмын және, өкінішке орай, оған дәл жауап таба алмайтын едім. Иә, менің әкем – экономист және бұл мамандықты не үшін таңдағаным қисынды болар, бірақ оған тағы да тереңірек үңілу керектігін жақсы түсінетінмін.

Бірде үлкен ұлым футболдан аяғын жарақаттап алып, үйге жүгіріп келді. Мен жараға зер салып қарап болғанымша, атам келіп жедел көмек көрсете бастады. Сонда ұлыма ұзақ қарап тұрып, не істерімді білмедім. Бір сәтте мені ойларым өткен шаққа жетелеп әкетіп, марқұм ата-әжемнің үйіндегі беседка көз алдыма келді. Мен де бір күні ұлым сияқты аяғымды жарақаттап алып, сол беседкада отырған едім. Онда жасым жетіде болатын. Көрші балалармен қуаласпақ ойнап жүріп сүрініп құлап түстім. Көз жасымды көлдетіп үйге келгенде Мута атам жарақатымды қарап шығып, құшағына қысты. Сосын әжемнен жақпа май (мазь) беруін сұрады. Әжем болса: «Қыз балаға олай ерсілі-қарсылы жүгірген жараспайды, ата-анаңа енді не деп айтам?!» – деп күңкілдеп жүр. Атам жақпа майды жағып еді, ол жанымды көзіме көрсеткені! Ашытып ауыртқанда орнымнан атып тұрып, жылауымды бұрынғыдан да үдете түстім.

Сонда барып атам көз жасым жарақатым жаныма батқан соң емес, жақпа майдан екенін түсінді. Көзілдірігін тағып, қолындағы жақпа майдың жазуын оқыды. Сөйтсе, әжем апыл-ғұпылда аңғармай өзі түнде жағып жататын «Финалгонын» бере салған ғой. Оның үстіне атам мазьды жарама қалың етіп жақпасы бар ма?!

Содан олар мұндайда не істеу керегін білмей дағдарып қалды. Суға жуғанмен, ол одан бетер дызылдатып ашытады. Содан, амал жоқ, ата-әжем маған барынша шыдауым қажеттігін айтты. Жеті жастағы мен үшін бұл ғасырдың сынағына парапар  болды. Әлі есімде, «Финалгонның» дуылдатқан әсері басылғанша бір сағат бойы еңіредім. Содан болар, ол жайт санамда өшпестей сақталып қалды және сыздатып ауыртқанын еш ұмыта алмаймын. Әйтсе де сол күннен естелік ретінде басқа да әдемі сәттер қалды. Мысалы, аяулы ата-әжемнің сол минуттарда бәйек болып асты-үстіме түскені жадымда мәңгі сақталды. Мен өмірімнің осы сәттерін қайтару үшін бәрін беруге дайынмын.

Сол күні атам менің алдымдағы «айыбын» жуып-шаю үшін аулада өсіп тұрған ұйғыр ақ жүзімінің ең үлкен шоғын жұлып берген болатын. Негізі, оларға қол тигізуге ешкімге рұқсат етпейтін. Әдетте, жүзім шоқтары газетке оралып, қатаң тыйым салынған жеміс сияқты беседканың үстіне ілініп өсетін.

Осылайша мен ең тәтті жүзім жидектерінің дәмін татып көру бақытына ие болдым. Күні бүгінге дейін ол жүзім менің сүйікті сортым болып қала береді. Атаммен қоса әжем де бақшадан ең шырынды бергамотты алып келіп, маған тілімдеп кесіп берді. Сонда жеміс-жидектердің тәтті болғаны соншалық – мен ауырсынуымды ұмытып кеткен едім.

Ата-әжемнің осылай мәпелеп, көрсеткен шексіз қамқорлығы әлі күнге дейін менің жүрегімде. Қазір жасым 37-ге келді, бірақ әлі де атамның жан-жылуы мен мейір-махаббатын сезінемін. Ол жылулық маған өмір жолымда тірек болды. Мен қандай жағдайға тап болсам да, атамның жылы сөздері мен ыстық алақанының табын әрқашан сеземін. Ол алға қарай ұмтылуыма күш береді.

Менің атам Мута Мухпулович Исмаилов 1922 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданының Кіші Ақсу ауылында дүниеге келген.

1941 жылғы қарашада Жаркент аудандық әскери комитетінен Кеңес Армиясының қатарына шақырылып, Алматыдағы 32-қосалқы атқыштар дивизиясы құрамындағы арнайы байланыс ротасының № 54 әскери бөліміне жіберілген. Оқу-жаттығу даярлығынан өткеннен кейін 1942 жылы ақпан айында ол Ворошиловградқа майданға аттанған. Ол жақта атам 1943 жылдың тамызына дейін болып, 988-атқыштар полкінде байланысшы және пулеметші ретінде соғысқан. Олардың полкі сонау Берлинге дейін жеткен. Бірақ атам сонда тұтқынға алынып, кейінірек ағылшын әскерлерінің көмегімен бостандыққа шыққан. Содан соң ол 204-гвардиялық атқыштар полкінің құрамында пулеметші болып, Венгрия мен Австрияны азат етуге қатысқан. 1946 жылы қараша айында оралған.

Алайда 1950 жылдың 29 маусымынан – 1956 жылғы 14 қаңтарға дейін атам еңбекпен түзеу лагерінде болған. Ол саяси террордың құрбаны болып, Түркістан әскери округі әскери сотының үкімімен 25 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бақытымызға орай, 6 жыл бойы Сталинге дейін хат жазған әпкелерінің табандылығының арқасында оны КСРО Жоғарғы Сотының Әскери алқасы ақтады және қылмыс құрамының болмауына байланысты ісі тоқтатылды.

Сол жайттан кейін атам туған ауылы Шонжыға оралып, 1991 жылы тамызда зейнетке шыққанға дейін Ұйғыр аудандық қаржы бөлімінде қызмет істеді.

Атам майдандағы ерлігі мен бейбіт күндегі еңбегі үшін бірнеше мәрте марапатқа ие болды:

  • II дәрежелі Отан соғысы ордені;
  • «Қаржы ісінің үздігі» құрметті атағы;
  • «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл» медалі;
  • «Еңбек ардагері» медалі;
  • «Жеңіске 50 жыл» медалі;
  • «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі;
  • «В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына байланысты Ерен еңбегі үшін» медалі және т.б.

Ата-әжем 6 бала мен 15 немерені өсіріп-жеткізіп, әрқайсысына жоғары білім алып берді.

Әулетімізде атамның ізін қуып, қаржы саласына әкем, мен және немере сіңлім ғана барды. Ал қалғандары бізде мұғалімдер мен дәрігерлер. Мен өз таңдауым мен мамандығымды мақтан тұтамын. Қаржы мен экономика – менің барым да, нарым да!

Қаржы саласындағы 15 жылдық еңбегімде меңгерген бірнеше курстарым мен жолға қойған экобизнесім бар. Мен ата-бабамның қолдауын үнемі сеземін және өзімнің кіші отанымда көшбасшы әйел болатыныма сенімдімін!

Әңгімені жазған: Римма Марат

Редактор: Кымбат Қалиева

Аударған: Айнур Ермаханова

 

@tulenova.gulnaz@alumni.nu.edu.kz

_Assigned to Gulnaz Tulenova_