Джинс шалбары: мамамның әңгімесі

Сіздің гардеробта қазір қанша джинс шалбары бар? Менде кемінде үш-төртеуі бар. Алғашқысын 12 жасымда болғанда мамам әперді. Сол кездегі қуанғаным әлі есімде. Сол 1997 жылы да джинсы әлі әлеуметтік статус еді. Бірақ, кем дегенде, ол статусты “иемдену” үлкен қиындық тудырмады. Ақшаң болса болды, сатып ала аласың. Мамам өз алғашқы джинс шалбарын қалай алғанын еске алғанда бір жымиып аламын. Ішімнен “қазіргі Z пен альфа буыны олардың ата-әжелері шүберекті неге соншалықты қастерлеген екен деп түсінбейтін шығар” деп ойлап қоямын…

Мамамның құжатта жазылған есімі — Тұрсын. Бірақ оны бала кезінен барлығы “Бақыт” деп атап кеткен. Ол 1955 жылдың наурызында Павлодар облысына қарасты, аты көпке мәлім Баянауылда туған. Табиғаты көркем, тарихы бай сол жерде өсіп-өнді. Анам сыртқы келбетіне ерекше көңіл бөлген, көркемдікті сүйген сәнқой болды. Бетіне макияж жасап, тырнағын бояп, ылғи да биік өкше аяқ киім киіп жүретін. Комсомол жұмысымен қызу айналысып жүрген кезі, 1978 жыл, болса керек. Оның Сұлтан деген бір туысы әрі жақсы досы Чехословакияға демалысқа баруға жолдама алады. Осыны естіген мамам Сұлтан ағаға “сол жақтан маған джинсы ала кел” деп дереу тапсырыс жасап, 80 сом салып жіберіпті. Аудандық сауда базасында товаровед болған оның сол кездегі жалақысы не бары 120 рубль еді. Ал сіз қазіргі табысыңыздың 60-70%-ын бір шалбар алуға қиясыз ба?

Сұлтан аға анамның сөзін далаға тастамай, оған қою көк түсті, балағы тік пішілген джинсы әкеп берді. Сөйтіп, анам Баянауылда алғашқылардың бірі боп джинс киіпті. Тіпті, ол қастерлі көк шалбарды өзгеге де киюге беріпті. “Комсомол болған достарыммен жиналғанда ‘Америкада джинсы спецроба болса, біз үшін ол — кәдімгі парадный выходной (бір киер) киім’ деп күлетінбіз,” деп еске алып отырады мамам. Апам (нағашы әжем) болса, ол джинсыға қызықпақ түгілі, оның шалбар дегенді бір
кигенін көрмедім. Демек, отбасымыздағы әйелдердің шалбар кию дәстүрі анамнан басталады. Мені ерекше қызықтыратыны да сол: өз отбасымдағы өзгерістерге үңілу арқылы қоғамда болған трансформацияны байқау, жаңа нормалардың қалай қалыптасқанын түсіну. Апам анама алғашқы шалбарын ол шамамен бесте болғанда әперіпті. Балағының астын түймемен бекітетін, жасыл, вельвет шалбар еді. Шалбардың бешпенті де болыпты. Ал мектепте оқыған кезде арнайы форма кию керек болған соң, мамам ол кезде шалбарды аса кимейтін. Сондықтан, келесі шалбарын ол тек мектеп бітірген соң алыпты. Дәлірек айтсам, өзіне арнайы тіктіріп алыпты. “Ұсақ, қара түсті торлары бар қою қоңыр шалбар еді,” дейді мамам.
Анамның ескі фотоальбомдарына қарап отырсам, оның бойдақ кезінде түскен
суреттерінде сәнді шалбар киген бейнесі біраз кездеседі. Алайда, бала кезімдегі
естеліктерде көбіне анамның көйлек, белдемше киген бейнесі сақталған. Үй ішіндегі
шаруаға ыңғайлы болсын деп “жұмыс” трикосын кигені болмаса, мамам түзге шыққанда
шалбарды көп кие бермейтін. Тіпті, тұрмыс құрғанда, белгілі бір жасқа келгенде әйелдің
шалбар кигені біраз ыңғайсыздау болады деп ойлағаны да бар.
Мамамның киім кию үлгісінде, сыртқы келбетінде түбегейлі трансформация 1990 жж. екінші жартысында орын алғандай. Сол кезде мамам базарда 2 жылдай сауда жасады.Күнделікті жұмысына шалбар кию ол үшін енді нормаға айналды. Бұл таза прагматикалық қажеттіліктен туындаған өзгеріс болса керек. Дәу-дәу ала сөмке тасып, ауыр еңбекпен айналыссаң, әрине, киген киімің, аяқ киімің ыңғайлы болғаны маңызды. Оған қоса, қыстың қақаған аязына төтеп беретін қалың киім кию керек болды. Одан бері көп жыл өтті. Мамам жұмысын ауыстырды, сосын зейнетке шықты. Бірақ оның күнделікті өмірде шалбар кию әдеті әлі өзгермеген. Гардеробында әрдайым кемінде бір джинс шалбары болады…

Әңгімені жазған: Әсел Битабар