ЕКІ ӘЖЕМНІҢ КӨЗІН КӨРІП, ТӘРБИЕСІН АЛДЫМ

Мен Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы Қарабұлақ ауылында 1986 жылы дүниеге келгенмін. Балалық шағымды еске алсам, жарытып бала болмаған сияқтымын. Біз (біз дегенде мен, менің қатарластарым) көзімізді ашқаннан еңбек деп өстік, бала болып алаңсыз ойнамадық. Өйткені біздің ойынға құмар болып, асыр салып жүретін кезіміз Қазақстанның тәуелсіздік алуымен тұспа-тұс келді. Ол жылдары елде экономикалық құлдырау болып жатты. Тиісінше халықтың жағдайы да мәз емес еді, көпшілікке күнкөріс қиын соқты. Ұлттық теңгеміз енді шығып жатқаны есімде. Әл-Фараби бейнеленген 1 теңгені алып дүкенге баратынбыз. Онда нанды санаулы ғана беретін. Сол жылдардағы тұрмыс тапшылығы, елдегі жағдай маған да соққы болды. Бала болсам да «үйде ұн бітіп қала ма?» деп уайымдайтынмын. Жалғыз біздің үй емес, көршілер, айналадағы жұрт та жоқшылықтың дәмін татты. Ауылдағы адамдарда ақша жоқ, бір-бірімізбен зат алмасып, айырбас жасайтынбыз. Ақшаның жоқтығы, нанның болмауы, киім-кешектің жетпеуі сияқты материалдық қиындықтар бізді шыңдай түсіп, еңбек етуге талпынтты.

Мамам – Тарбағатайдікі, папам – Зайсаннан. Папам мен мамам танысқан кезде әкем шашы ұзын, басында шляпісі бар, сол кездегі жігіттің серісі болған. Оған қоса прораб болып жұмыс істеген, «Урал» деген мотоциклді тізгіндеген. Содан мамам консерваториядағы оқуын аяқтамай, ауылға келін болып түскен екен. Үйдегі бар шаруаны жасап, идеал әйелдің рөлін атқарды. Папам да мамама қолдау білдіріп, қатты жақсы көрді. Студент кезімізде «Қаладан қолшатыр әкеліп беріңдерші, мамаларыңның шекесіне күн өтіп жүр», – деп папам үнемі жарын аялап жүретін.

Әке-шешем өте еңбекқор кісілер болатын. Папам ағаштан түйін түйген шебер болса, мамам әнші, домбырашы еді. Сонымен қатар ер-тоқым, сандық, қыздың жасауы және басқа да бұйымдарды жасайтын. Ал анам үш баласына қарап отырған үй бикесі болды. Тазалыққа қатты мән беріп, әдемілікті жақсы көретін, кесте тоқитын. Жалпы, пысық, қолдағы барды ұқсата білетін әйел болды. Папама шөп оруға, мал бағуға көмектесетін. Малдың қиын ойып, тезек басатын. Папам біреудің қорасын салып беруі керек болса, мамам қасында кірпіш тасып жүретін. Сондай-ақ тары егіп, оның масағын теріп, кептіру, аяқпен басу желге ұшыру, қайнату, кептіру қуыру, түю секілді жұмыста да мамам аянып қалмайтын. Сосын тарыны сатып келгенде, оның ақшасына қалаған затымызды алатынбыз. Әке-шешемнің тынбай жұмыс істегенін көргеннен кейін мендегі балалық шақ еңбекпен, еңбектің наны тәтті болатынымен байланысты. Олар қандай еңбек болсын ақталатынын, адам түбі бейнетінің зейнетін көретінін маған өздерінің үлгісімен көрсетті. Мамамдар бізді жұмсап, еңбекке баулитын, артынан атқарған ісіміз үшін марапаттауды да ұмытпайтын. Бізге жарнамадан көрсететін «Сникерс», «Баунти», «Юпи», киім дейсіз бе, бәрін әперетін. «Сендер маңдай терлеріңді төгіп жұмыс істедіңдер, бұл өз еңбектеріңнің жемісі», – дейтін.

Біздің үйдің маңдайшасында «Үлгілі отбасы» деген тақтайша ілініп тұратын. Десе дегендей-ақ, ата-анам еңбекқор, өнерлі жандар еді. Үйдегі үш қыз да сабақты жақсы оқып, түрлі олимпиадаға қатысатынбыз. Мектепте өтетін концерт, жарыстардан қалмайтынбыз. Есік алдымыз да тап-таза боп жарқырап, аулада анам еккен гүлдер жайқалып тұратын. Үйде тамақты папам бастағанын күтіп отыратынбыз. Мамам «Әкелерің бірінші астан дәм ауыз тисін, одан кейін сендер аласыңдар», – деп құлағымызға құйып тастаған еді. Сосын өзіміздің отбасылық дәстүріміз болатын. Туған күнде май шаммен отырып (ол кезде свет жоқ), бір-бірімізге өлең шығарып құттықтайтынбыз. Папам маған «Шекесі торсықтай қара қызым» деген жолмен басталатын өлең арнайтын. Сосын үшеуміз ата-анамызға концерт қойып беретінбіз.

Біздің ауыл өте ұйымшыл болатын. Наурыз мейрамында жыл сайын көше-көше болып сайысатынбыз. Сол сайыстан қалып қойсақ, өзімізді жаман сезінетінбіз. Наурызда папам бұйымдарын көрмеге қоятын, ал мамам қазақша көйлек киіп, наурыз көже пісіретін. Кешке жақын концерт болғанда анам ән айтып, әкем қойылым қоятын. Бірде папам ешкінің жүнін мұрт қылып шығып, онысы сахнада түсіп қалған еді. Мен де өнерден құралақан емеспін. Айтысқа қатысатынмын. Оған баратын кезде әкем жолыма нанның ақшасынан қиып беретін. Сөйтіп, гран-при алып, ақшалай 5000 теңге жүлдеге ие болғаным бар.

Ал енді ата-әжеме тоқталсам, мен екі атамды да көрмедім, олар ертеректе қайтыс болған екен. Есесіне екі әжемнің көзін көріп, тәрбиесін алдым. Атам Қалиолда – қуғын-сүргінге ұшыраған кісі, кейін ақталып шыққан. Әулетіміздегі тұңғыш қыз болғандықтан мені Мафруза әжем тәрбиеледі. 5–6 жасыма дейін апамның қасында жататынмын. Мені көп еркелететін. Қанша жақсы көрсем де айтайын, апамның мінезі қыңырлау еді. Сіңлім екеумізді ауладағы балалардан қызғанып, қақпадан көп шығармайтын. Бос уақытында тігін үйретіп, қолымыз ауырса да оймақ ұстатып қоятын… Сонымен қатар апам соғысты, сол кездегі жоқшылық пен тылдағы өмірі жайлы көп айтатын. Тылда еңбек етіп жүргенде бір бидайдың дәніне зәру болғанын да сөзіне тиек ететін. Сосын апамның: «Құранды басып нанды алуға болады, бірақ нанды басып Құранды алуға болмайды», – деген сөзі есімде қалған. Ол кезде Кеңес өкіметінің идеологиясы атеизмге негізделіп, Құран сөзі мен дін жоққа шығарылған еді ғой. Бәлкім, әжем сондықтан солай деген болар. Жалпы, апам нанның қадірін білетін жан еді. Кейінірек ол кісі папамның қарындасының қолына кетті. Менің студент кезімде бақиға аттанды. Бірақ «апам қайтыс болды» дегенде апаммен байланыс үзілгендей болды…

Кішкентай кезімде «нағашы апа» дегенге тілім келмей, «назды апа» атап кеткенмін. Ол кісі кең пейілді, үнемі күліп отыратын, өте жуас адам еді. Жұмсақтығы сонша – өз балаларына да дауыс көтеріп ұрысып көрмеген. Сондықтан ба, назды апам маған қауіпсіздік пен жайлылық сыйлайтын. Ал өз апаммен тұрған кезде келін-ене проблемасы, жеңге-қайын сіңлі арасында жанжал жиі болатын. Папам бір жаққа кетіп, үйде болмай қалғанда туыстары, әсіресе, қарындасы мамама қысым көрсететін. Ол кезде кішкентаймыз, анамызды қалай қорғау керек екенін білмедік. Жалпы, сол ұрыс-керістер маған кері әсерін тигізіп, қорқынышымды ұлғайтты. Әлі күнге дейін неге олай істегендерін түсінбеймін…

Қазір әйелдер психологиялық тұрғыдан өсіп, дамыды. Өзін қорғап, жеке шекарасын сақтауды және енені сыйлауды біледі, жан-жағымен бейбіт қарым-қатынас құра алады. Ал қазіргі жастар түзу жүріп тұрады, спортпен айналысады, дұрыс тамақтанады. Оған өздері саналы түрде келіп жатқаны мені қуантады.

Биыл мектеп бітіргенімізге 20 жыл болып, жақында ауылға барып қайттым. 20 жылдық мерейтойымызға бір апталық бағдарлама жасадық. Соның аясында туған ауылымызға сый сыйладық. Жан-жақтан жиналған түлектер өздерінің жетістіктерін көрсетті. Сөйтіп, 20 жылдығымызды өте жоғары деңгейде атап өттік.

Мен туып-өскен Қарабұлақ ауылы – қазақилықтың қаймағы бұзылмаған жер. Біздің елді мекенде орыс жоқ, болған күнде олардың өзі қазақша сөйлейтін. Папам қайтыс болғаннан кейін бір жылдан соң біз ауылымыздан көшіп кеттік. Содан 13 жыл ат ізін салмадық. Ауылға келіп, туған өлкеге табаным тигенде осы жерден қашып кеткен адамдай әсерде жүрдім. Өйткені, расымен де, мен ол жақтағы адамдармен қоштаса алмай кеткен едім. Папамнан кейін мамам ауырып қалды. Сол сәтте оны емдету керек боп Өскеменге алып келдік. Яғни ауылдан еріккеннен кетпедім, жағдай соған мәжбүрлеген еді.

Мамам жеті жыл сырқаттанып қайтты. Анамның қырқынан кейін нағашы апамның жағдайы нашарлап, төсек тартып жатып қалды. Баласының қазасы қай ата-анаға оңай болсын, 70-тен асқан шағында ол кісі де өмірден өтті. Жалпы, ана мен бала арасында алтын көпір бар. Оны эмоциялық байланыс деп те жатады. Біз қазақы ортада өскен баламыз ғой, психология дегенді оқымағанбыз. Сондықтан ішкі тірегіңнің қатаюы деген дүниеге жоқпыз. Ата-анамызға өте жақын болдық. Мамам кеткен кезде мен қатты қайғырдым. Екі сіңліме енді өзім тірек болатынымды түсіндім. Ол кезде жасым 30-дан асқан, күйеуім мен балам бар ересек адаммын ғой. Бірақ анам өмірден озғанда өзімді дүниеде жалғыз қалғандай сезіндім. Шешім қабылдарда қатты қиналдым. Сондай қиын кезде жолдасым маған көп көмектесіп, сүйеу болды.

Сөйтіп араға 13 жыл салып, 20 жылдықтың сылтауымен ауылға барып келдім. Қаймағы бұзылмаған ауылымды көріп, ондағы ел-жұрттың мені төбесіне көтеріп қарсы алғанын, әке-шешем жайлы жылы лебіз білдіргенін көрген кезде көңілім жайланды. Папамның өмірден өткеніне 15 жыл, мамамның қайтқанына 5 жыл болған, екеуіне Құран оқытып, ас бердік. Сонда арқамнан бір ауыр жүк түскендей болды. Әрі олардың артынан естелік айтатын, тек жақсы жайттарды сөз қылатын халқы барына көңілім босап, шаттандым. Ұмытып қалған пазлымды қайта жинағандай болып, керемет күш-қуат алып қайттым. Алматыда өмір сүріп, қанша шетел көріп жүрсең де өскен ортаңды, шыққан жеріңді бәрібір ұмытпайсың. Өзіңнің бойлап өскен тамырыңа қайта бұрылу керемет күш береді екен. Бәлкім, осыдан 20 жыл бұрын болса, жастықпен мұны түсінбес пе едім. Туған жеріме барып келген соң ішімде тыныштық орнады…

Папамның қолынан шыққан дүниелер әр үйде бар. Ауылдағылардың «папаң кеткен кезде біз қиналып қалдық» дегенін естіп, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді.

Папам онкологиялық ауруханада жатқан кезде маған хат жазатын. Онда: «Бұлбұл, халің қалай? Мен система алып жатқан кезде уақытты қарайтын сағат алып берші. Егер ақшаң жоқ болса ренжімеймін», – дейтін. Соңғы рет ауруханадан шыққан соң: «Бірден ауылға барамын», – деді, «Папа, таксиді күтіңіз, ертең-ақ жолға шығасыз ғой», – десем, «Жоқ, мен бүгін бару керекпін», – деп бой бермеді. Сосын көлікке отырып жатқанда: «Бұлбұлым, қара қызым, мен саған өкпелемеймін. Жарайсың!» – деп айтып кетті. Сонда соңғы рет көлікте маған рақметін айтып, қоштасқаны екен ғой. Ауылға барғаннан кейін жағдайы әлсіреп, қайтыс болды…

Папам бізге ешқашан «жоқ» деп айтпайтын. 90-жылдары қуыршақ деген ілуде біреуде ғана болатын. Сонда әкем ағаштан ойып, мұрны мен көзіне шеге қойып, қойдың жүнін шаш қылып, қыздарына қуыршақ жасап берген еді. Біз «жоқ» дегенді естіп көрмедік, екінші жағынан, ниет болса бәрін қолдан жасап алуға болатынын ұғып өстік. Сол нәрсе маған қатты әсер етті. Қазір «жоқ» деген нәрсені қабылдай алмаймын. Балама да «Еңбекқор бол, әрқашан шынайы бол» деп жиі айтамын, ата-анам да бізге соны айтатын.

Сұхбат беруші: Бұлбұл Қалқанбаева

Жазып алған: Гүлназ Туленова

Редактор: Айнұр Ермаханова