ІЗДЕНІСПЕН ӨТКЕН ЖИЫРМА ЖЫЛ

Содан арада жылдар өтті, ертеректе жұбайымның әкесін іздеуге талпынғаны жайында өз аузынан естігенім бар. Жылжыған жылдармен бірге жолдасымның үкілеген үміті бірте-бірте үзіліп, әкесінің майдандағы ерлігін, қайда жерлегенін біле алмағанына мойынсынғандай кейіп танытатын. Бірақ әр 9 мамыр күні – Жеңіс мерекесінде теледидар қарамай, көңілі құлазып, салы суға кететін. Ашып айтпаса да оның өзегін өртеген өкінішін жүрегіммен сезетінмін. Содан оның ішқұса болып, іштен тынғанына шыдай алмай, іздеуді өзім жалғастырмақ болдым. Оның үстіне 1995  жылы Ұлы Отан соғысының біткеніне 50 жыл толуына орай «майданда опат болған, хабар-ошарсыз кеткен сарбаздардың отбасына көмек қолын созамыз» деген өкіметтен хабар тарады. Оны естіген соң «е-е, өзгелер де іздеп жатыр екен ғой, демек, мемлекет те іздестіру шараларына көмек берер» деп ойлап, өшкен үміт отымыз қайта тұтанды. Сосын енеме барып, «Майданнан келген қара қағазын беріңізші, оны әкімшіліктегілерге көрсетейін», – дедім. Сөйтсем, енем оны жоғалтып алған екен. Ерінен айырылып, баласын жалғыз өзі асырап жүрген қиын-қыстау кезде военкоматқа көмек сұрап барыпты. Ол жақтағылар «мұндай адам жоқ немесе аты-жөні қате» деп қайтарып жіберген екен. Содан қара қағазды жоғалтып алып, қайта көрмепті.

Сосын мен Алматыдағы «Бармысың, бауырым?» бағдарламасына бардым. Ол қадамым да нәтижесіз болып, артынша бағдарлама жабылып қалды. Аз-кем кедергіге бола алған бетінен қайтатын мен бе, енді «Жди меняға» хат жаздым. Олар маған жауап берді, бірақ көңіл көншітерлік хабар ала алмадым. Сосын Павлодарда «Жас Отан» жастар қанаты бар екенін естіп, оларға да барып мұңымды бөлістім. Сондағы азаматтар Мәскеудегі Орталық мұрағаттан бір Павел деген жігітті тауып беріп, оған менің өтінішімді жеткізді. Содан мұрағатты ақтарса, мың Садық, тоғызжүз Садыков бар екен. Сосын не істерімді білмей, бір кісілер «Владивостокқа, Хабаровскіге кеткен» деген соң ары-бері жазып, мардымды жауап ала алмадым. Әр жолғы іздеуім осылай нәтижесіз аяқталғанда көңіл күйім түсетін. Ондайда Ермек те жабырқап: «Соғыста жиырма миллион адам қайтыс болған, таба алмайсың. Қой, бекерге әуре болма, осы да жетер», – дейтін. Өзім әкімшілікке қызмет еткен адаммын ғой, егер майданнан қара қағаз келсе, ол міндетті түрде бір жерде тіркелген болуы керектігін жақсы білемін. Өйткені ондай құжаттар мұрағатта мәңгіге сақталады.

Бір күні атам жайында жиған-терген барлық қағазымды алып, Павлодардағы облыстық мұрағат басқармасына бардым. Себебі ол кісі осы облыстан соғысқа аттанған екен, бәлкім, бір мұрағатта тіркелген шығар деген ойым болды. Кеңсеге кірсем, бір орыс апай отыр екен, «Не себеппен келдіңіз?» – деп сұрады. «Жеке іс мәселесі бойынша», – деп келген жөнімді айттым. Ол кісі бір кабинетке жіберді. Онда барсам, өзімнің бауырым секілді ақкөңіл бір ер кісі және он шақты қыз отыр. Әлгі кісі Бекмұханбет Дүкенов деген азамат екен, «Апа, не істеп жүрсіз?» – деп сұрады. Оған да өз мәселемді айтып, «Жыл сайын із-түзсіз кеткендерді де, соғыста қаза тапқандарды да тауып жатқанын осы естіп жатамыз ғой», – дедім. Ол кісі 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында мерт болған қаһармандарға арналған «Боздақтар» ескерткіш кітабын жазушылардың бірі екен, «Апа, бұл менің жұмысыма тікелей қатысты емес. Алайда мен сізбен бірге іздестіріп көрейін», – деп, қайын атамның аты-жөнін, тағы басқа білетін ақпаратымды жазып алып қалды. Сосын «Садықов Ғазиз, Сәкен» деген сияқты әртүрлі адамдарға қатысты ақпаратты айтады, мен: «Жо-жоқ, ол кісінің аты Шәкен болған», – дедім. Сөйтіп жүргенде жан жолдасым жазылмас дертке шалдығып, күтпеген жерден дүниеден өтіп кетті. Басымызға түскен қайғыдан іздеу жұмыстарына мойын бұруға шамамыз келмей қалды.

Арада біраз уақыт өткен соң Бекмұханбет үйге қоңырау шалып, менің таңертең өзіне жолығуым қажеттігін айтыпты. Ол хабарды естіген бойда дегбірсізденіп, ертеңді асыға күттім. Ертесіне қағаздарымды қолыма алып, әдеттегідей мұрағатқа барсам, ол кісі зейнетке шығып кетіпті. Өз алдына кеңсе ашып, қызмет жасайды екен. Содан мекенжайына іздеп бардым. Бекмұханбет мені күтіп отыр екен, Сталинград госпиталінің журналын ашып, сол жерден атамның аты-жөнін тауып берді. Бірақ онда бірнеше әріптік қате кеткен екен. Атамның аты-жөнін «Садыков Шокин» деп көрсетіпті және аттанған селсоветін «Андынский» деп орысшаландырып, әріп қалдырып беріпті. Бұл хабарды естіп, төбем көкке жеткендей қуандым. Сосын атамды «Боздақтар» кітабының төртінші томына қосты және мені шығарылымның тұсаукесер салтанатына шақырды. Онда мені атамның қызы ретінде құрметтеп шақырды. Ортаға шыққанда: «Мен ол кісінің келіні боламын», – деп ризашылығымды білдіріп, ұлының бір жыл бұрын ғана өмірден өткенін айттым.

Содан кейін облыстық военкоматқа барып, кітабымды көрсетіп, атамды Құрмет тақтасына енгізбек болдым. Бірақ ондағы кісілер: «Кітапқа шығыпсыздар ғой, сол да жеткілікті емес пе?» – деді. «Атамыздың атын мен де, балаларым да, келіндерім де тек етіп ұстанып жүрміз. Біз үшін майданда ажал құшқан атамыз – қаһарман батыр және ол кісінің ерен еңбегі үшін мадақталуы керек», – деп нығыздап айттым. Содан олар мені тағы бір мекемеге жіберді. Әйткенмен ол жер де маған көмектесе алмады. Осылай жүргенде жаз да болып, немерем Мәдимен бірге өзіміздің Шарбақты ауданының әкімі Ерғали Асқаровқа жолықтық. Сосын бір жұмадан кейін «сіздің жұмысыңызды қолға алдық» деп хабарласты. Ал бір ай өткен соң атамды Құрмет тақтасына қосқаны жайында қуанышты хабар келді.

Алайда мен бұл жетістікпен тоқтамай, бала-шаға, келін, немере-шөберенің есінде сақталар мұра болып қалуы үшін атама қатысты бір ауқымды нәрсе жасауым керек деп шештім. «Атамыз Сталинград түбіндегі шайқаста қайтыс болды» деген бірауыз сөз жүректі тебірентпейді ғой. «Не істесем болады?» деп ойланып жүргенде, Алматыда өткен бір тойға жолым түсті. Сонда бейнефильм көрсетіп, жиналған қонақтарға тамашалатты. Ондағы мәтін оқып тұрған кісінің даусы бәріміздің жүрегімізді елжіретті. Содан той иелерінен «Мына оқып жатқан адамның нөмірін беріңізші, бейнероликті қай студияда түсірдіңіздер?» деп сұрап, артынан бір жыл қалмай жүрдім. Сөйтсем, мәтінді жүрекке жеткізе оқыған диктор Арман Дүйсенов екен. Мен атамның, жұбайымның және өмірден өткен тұңғыш ұлымның ғұмырбаянын кестелеп жазып, әулетіміз жайлы 34 минуттық фильмге сценарий құрып апардым. Тыңғылықты ісімді көрген Арман Дүйсенов балам: «Апа, сіз бізге еш жұмыс қалдырмапсыз ғой», – деп күлген еді. Осылайша Арман Дүйсенов, Асқар Дүйсенбі және Рысбек – бәріміз бірігіп, әулетіміздің тарихы, Шәкен атамыздан тараған үрім-бұтақ жайында бейнефильм түсіріп шықтық.

Ал биыл атам, жолдасым, тұңғыш ұлыма арнап кітап жазудамын. Жақында аяқтап, баспаға бергім келеді. Меніңше, әр әулеттің тарихы қоғамдағы оқиғалар әсерінен өшіп қалмауы керек. Оны құнды жәдігер ретінде құрметтеп, атадан балаға, кейінгі ұрпаққа таралуына барша отбасы мүшесі атсалысуы қажет деп ойлаймын. Сондықтан жиырма жылдан астам күтіп, соңғы он жылда оны таптық, осылай екен деп қоя салмай, әулетімдегі ардақты тұлғалардың аруағына бағыштап еңбек етудемін. «Ағаш діңімен қуатты болады» дейді, сол секілді біздің әулеттің де діңі осындай мығым, күшті екенін немере-шөберелеріме жеткізуді өзімнің бір міндетім санаймын.

 

Сұхбат беруші: Рауза Шакенова

Жазып алған: Гүлназ Туленова

Редактор: Айнұр Ермаханова