Мен өскен әулет, ата-әжем, әке-шешем жайлы бірауыз сөз

Есімім – Салтанат, жылым – екі шексіздік белгісі. Ақтөбе облысының Қобда ауданына қарайтын Әлия Молдағұлова ауылынан боламын. Мен ата-әжемнің көзін көргем жоқ. Олар жайлы тек көзкөргендерден, ет жақындарымнан естіп білдім. Ата-әжем көпбалалы, өнегелі әулет болған. Атам Күнболсын 1932 жылы өмір есігін ашқан. Тағдыры теперішке толы болған. Сонда да қиындыққа мойымай, өзі ізденіп, мұғалімдікті оқып алған екен. Ғұмырының соңына дейін шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, интеллигент кісі болыпты. «Ауылда өзге мұғалімдер оқытудан бас тартқан сақау адамдарға да әріп танытты. Мылқаулармен де ымдасып, тіл табысып кететін кісілігі мол жан еді» деп ауыл адамдары айтып отырады. Сондай-ақ атам ағаш пен темірден түйін түйген шебер, суретші де болған. Қолы қалт еткенде балаларына «Ну, погоди» мультфильмінің суреттерін салып береді екен. «Әке көрген оқ жонар» демекші, папам да өз әкесінің жанында жүріп шеберліктің қыр-сырын үйренген. Мектеп қабырғасындағы майлы бояумен салынған суреттер әкемнің қолынан шыққан туындылар еді. Менің де көз майын тауысып қолөнермен айналысуым атамнан дарыған қабілет болар деп топшылаймын.

Ауылдағы қара шаңырақ үйді атам жалғыз өзі көтерген екен. Шатырына суреттер салып, асқан шеберлікпен жасаған. Жаны жайсаң, игі қасиеті мол атам ауыл өмірінің жанданып-гүлденуіне де көп үлес қосқан. Мектептің айналасы жасыл желекпен көмкеріліп тұрсын деп арнайылап әкеп ағаш еккен екен. Бірақ атам 43 жасында ауырып (1975) қайтыс болған соң жайқалған алма ағаштары түгел қурап қалыпты.

Содан жастай жесір қалған әжем сегіз баланы жалғыз өзі бағып-қағып, өсіріп-өндіріп, оқытқан. Арқасүйер азаматынан айырылған соң бар жауапкершілік өзіне түсіп, үш жерде жұмыс істеген. Ала таңда барып бір мекеменің еденін жуған, одан шығып екінші жердегі аспаздық жұмысына кеткен. Интернатта тәрбиеші болып та еңбек еткен. Бір тәулікте 24 сағат болса, әжем жұмысын да істеп, үйді де жинап, перзенттеріне көңіл бөліп те үлгереді екен. Әжем сондай жанкешті адам болған.

Ал әкем Серікбол жайлы сөз қозғасам, ол кішкентайдан жоқшылықты көріп өскен. Анам да үйелмелі-сүйелмелі көпбалалы отбасыда өсіп-жетілген. Екеуі де адалдықты ту еткен текті әулеттен шыққан жандар. Әкем өзінен кейінгі қарындасын құтты орнына қондырып, інісін үйлендіруге барынша атсалысты. «Кемпір-шалдың орнын жоқтатпайық» деп, анам қайын сіңлісінің жасауын қолдан тігіп берді. Қазақта сүт кенжені «қара шаңырақ иесі» деп жатады ғой. Әйтсе де әкемнің інісі жұмыс бабымен қалаға кетті де, ата-әжем салған үйде біз тұрақтап қалдық. Мен үйде жалғыз қыз болдым. Дәрігерлердің кесірінен анамның жатырында мақта, қайшы қалып қойып, амал жоқ, жатырын алып тастапты. Содан да дәрігерлерге деген өкпем қара қазандай.

Түр-әлпеті, көзілдірік таққаны, қылығы – бәрі кинодағы Шурикке ұқсайтын болған соң ауылда әкемді «Шурик» деп атайтын. Өзі ақкөңіл, аузын ашса жүрегі көрінетін арда азамат еді. Қолынан көп нәрсе келетін, қолөнердің хас шебері, өнертапқыш болатын. Жас кезінде «Бауырсақ» ертегісінің желісімен бір бұйым ойлап тапқан екен. Онда бауырсақты ұстайын деп қолыңды созсаң, үйшігіне кіріп кетеді екен. Әкемнің бұл жұмысы ауылдан ауданға, одан облыстық көрмеге жіберіліп, өзіне қайтарылмаған. Сол өнер туындысы үшін әкем шай, шоколад сияқты кішігірім жүлдемен ғана марапатталыпты. Қазір ондай дүние жасып шығару таңсық емес, өйткені техника, станоктың түр-түрі бар дегендей. Ал ол кезде бұл еңбегі жаңалық болып есептелген. Сосын ауылда ең алғаш біздің үйде таң атқанда ашылып, кеш батқанда жабылатын терезежапқыш болатын. Ол да әкемнің қолынан шыққан өнертабыс еді. Сондай-ақ папам малдың астауында су бітсе, автоматты түрде краннан су ағатын етіп жасап қойған еді. Несін айтасыз, қылқаламмен сурет салу, тігіншілік те папамның қолынан келетін. Өзі электрик қана емес, телемастер де еді. Физика пәнінен беретін Нағима апай: «Сен әкеңе ұқсамағансың, электр жағына жоқсың», – дейтін маған. Папамның бойына біткен қабілетіне, қол өнерінің шеберлігіне ауыл-аймақ түгел тәнті болатын.

Ауылда свет өшсе, жұрт шулап әкемді іздейтін. Жарықты құдды бір Шурик өшіріп тастағандай. Ал свет жанса, «Көзің ашылғыр» деп алғысын жаудыратын. Теледидар, тоңазытқыш сияқты техникалары күйіп кетсе, жөндеуге әкеме беретін. Сонда папам еңбегіне ақы сұрамайтын. Ол кезде ақша жоқ, жұмыс, өндіріс тұралап қалған 90-жылдар ғой. Біреу шайын, біреу майын, біреу етін беріп кететін. Орамал да тастап кететіндер болатын. Не берсе де папам риза болушы еді. Жалпы, әкем кішкентай дүние жасаса да аспай-саспай, темекісін шегіп отырып, жеті рет өлшеп, бір рет кесетін. Оған анам ашуланып, «Осыны жасау үшін де міндетті түрде сызғыш керек пе?! Көз өлшеммен істей берсең нең кетеді, әспеттеп отырғанша?!» – деп сөйлейтін. Әкемде құрал-сайманның сан түрі болатын, бірлі-жарым адамдар сұрап алып кететін.

Папам көргені мен түйгені мол кісі еді. Бірде мамам аула жинап жүріп, шошайып тұрған шегені басып кетіпті. Ол тәпішкеден өтіп, сәл болмағанда сүйекке жететіндей екен. Мамам ақсаңдап келіп, қанын жуып байлап алды. Содан кешке қарай аяғы ісіп, солқылдап шыдатпаған соң әкем ауданға алып кетті. Ондағы дәрігерлер «тізеден шорт кесеміз» дегенде, әкем қарсы болыпты. Мамамды ауылға әкеліп, алоэның жапырағын аяғына байлап, ем-домын жасады. Уақыт өте әкемнің арқасында мамам аттай шауып кетті.

Біз ауылдық жерде тұрсақ та жоқшылық көріп, нан таппай қиналған күніміз болмады. Әкемнің несібесі мен еңбекқорлығына сай ол барда таршылық көрмедік. Студент болғанда маған сол кездегі ең «крутой» телефон – «Панасоник» алып берген еді. Әкем марқұм: «Ешқашан адамға кіріптар болма. Кеудеңде жаның болса, еңбек ет. Біреудің ығына жығылмай, айтар ой-пікіріңді тіке айт», – деп өсірді.

90-жылдың тоқырауы басталып, жаппай жұмыссыздық жайлағанда әкем бірнеше жерде күн-түн демей жұмыс істеп, тез арада қаладан үй алды. Сөйтіп бізді ауылдан көшіріп әкетті. Біз көшіп келгенде заправканың конторы болған үйді кеңейтіп, екіқабатты етіп көтерді. Ол кезде газдың қасында тамақ пісіргеннен гөрі әкемнің қасында кірпіш тасып, шеге қаққан күндерім көп болды. Құралдарының атын білмесем, әкем ұрысатын. Қолымнан метровка, уровень, балға, фломастер түспейтін. Әкеммен мықшыңдап жүріп үйдің есік-терезесін салып, ішкі қабырғасын да қаладық. Бірақ содан кейін әкем төсек тартып жатып қалды. Көз тиді ме, бәлкім, ауруынан айыға алмай, қайтыс болды. Содан 40-тан асқан мамам жұмыс таппай, әр мекемені бір шалып жұмыс істесе, мен жарты күн сабақ, жарты күн жұмыс істеп, тапқан тиынды үйге құйдық. Сөйтіп мамам екеуміз жамап-жасқап, итшілеп жүріп үйді бітірдік. Өз қолымызбен тұрғызған сол баспананы былтыр саттық. Алған адамдар дәмхана ашып қойыпты. Қасынан әр өткен сайын көзіме ыстық көрінеді…

Қай жерде жүрсек те жөн сұрасатын қазақ емеспіз бе, күйеуім Ақтөбеде автобус жүргізді. Сонда аракідік жолаушылармен тілдесіп қалады. Сөзден-сөз шығып, «Қай жақтыкісің? Келін қай ауылдан?» деп сұраса, «Өзім Ойылданмын, келіншегім Қобданікі», – деп күйеуім жөнін айтады ғой. «Е-е, онда Шуриктің күйеубаласы болдың ғой. Атаң ақкөңіл кісі болды, қолынан келмейтіні жоқ еді», – деп әкемнің көзін көргендер мақтайды екен. Ата-анам туралы жылы лебіз естігенде бір марқайып қалам. Әкем қолы алтын шебер, ұста болса да еңбегі еленіп, жоғары жақтан марапат алған емес. Дегенмен ауыл адамдарының әкем туралы ақжарма сөзі, көзі кетсе де оған деген алғаусыз көңілі – мен үшін үлкен марапат. Ауылға жол түсіп бара қалсам, «О, Шуриктің қызы, сенің әкең қандай еді. Нағыз жайсаң болатын» деп ризашылықпен еске алып жатады. Оған қуанамын!..

 

Балалық шақтың бал дәмі

Балалық шаққа саяхат жасасам, мен үндемей жүріп бүлдіретіннің бірі едім. Шешемді талай қан қақсатып кеткенмін. Бала кезде Барби кукла ойнаушы едік қой. Оған әртүрлі киім тігіп, қыздарға көрсетіп, мақтанатынбыз. Сондай кезекті бір «жиынымызда» қасымдағы қыз кукласына бальный көйлек тігіпті. Мен де тіккім келіп қызығып, үйге қарай құстай ұштым. Ошақтың басында жүрген мамам келгенімді байқамаса керек. Үйге зып етіп кірдім, көзіме залдағы терезежапқыштың (перде) түскені. Сөйтіп, оюы бар жерден матаны ойып алдым да, үй артында отырып қуыршағыма көйлек тіктім. Одан картоннан шляпасын жасадым. Әрі-беріден соң шешемнің ойбайлаған даусы естілді. Ести сала зыттым. Кешке әкем жұмыстан келеді-ау деген уақытта үйге оралдым. Тың тыңдап жүріп, мысықша бұратылып келіп әкемнің артына тығылдым. Ол кісі селкілдеп күлкісін тыя алмай әлек. Мамам атылып еді, әкемнен аса алмады. «Тиме қызға, қаладан жаңасын алып берем», – деген әкеме «Қой деп айтсейш», – деп шешем менің үстімнен салақұлаш арызын айтып жатыр. Сөйтсем, тігіншілік менде сол кезден басталған екен ғой.

Жазғы демалыста шешем мені нағашы әжеме апарып тастайтын. Ол кісі «тәйт әрі» деп тыйып көрмеген, «Салтөгім» деп еміреніп отыратын жан еді. Әжемнің үйінде жалғыз мен емес, нағашыларымның балалары шұбырып жүретін. Қанша у-шу болсақ та, асыл әжем қабақ шытпай, құшағына ала білетін. Таңертең қарасирақ балалар шұбырып тұрамыз, шүпірлеп ас-су ішеміз. Сосын ырың-тырың бытырап, күнұзақ ойынның қызығына түсеміз. Апам кешке аяғымызды жуғызып, ішке санап кіргізетін. Ең бірінші жуған адамның суын үнемдеп төкпей, соған бәріміз аяқ жуып, сүртініп, қаз-қатар тізілген төсекке құлай кететінбіз. Топырлағаннан басқа бізден түк қайыр жоқ, сонда барлығын марқұм әжем жинайтын. Айналып-толғанып, біреумізді шақырам деп бәрінің есімін атап шығатын.

Нағашы әжем сексеннен асқан соң төсек тартып жатып қалды. Халін сұрап барсам, иықты, шымыр денелі, бойын тік ұстап жүретін әжем шөгіп қалыпты. Тұрмыс-тіршілік деп көп бара бермейтінмін, барсам да балаларыма бірдеңесін ұстатып, етін асып, кетераяқта құрт-майын, қаймағын тықпалағасын бара беруге қысылатынмын. Әжемнің сөзі, өзі, бейнесі есіме түскен кезде жылап алам. Ұлдарым ондайда түсінбей, «Папа ұрысты ма, бір жеріңіз ауыра ма?» – деп әлек болады. Мәпелеп, өбектеп отыратын әжемнің жаны жәннатта болғай!

…Балалық шағының естеліктері, сол кезде пайдаланған дүниелер кім-кімге де ыстық көрінері хақ. Чудо печка, духовка, вафельница мамамның сүйікті «аспаптары» болатын. Қолдан нан жауып, булочка пісіріп, бетіне суға ерітілген шекер жағатын. Вафлиді пісіріп орап қоятын. Сол вафлиге жете алмай, көзімізді сатып анадай жерде ұры мысықша отыратынбыз. Мамам бір нарсеге тұрып кеткенде жалма-жан ұрлап жеп алатынбыз. Uncle Ben’s деген кетчуп болатын және «Рама» майды нанға жағып, үстіне шекер сеуіп жейтін едік. Сосын Хэппи деген шай болатын, ағылшынша оқи білмейтін біз Нарру деп оқушы едік. Телефон деген санаулы үйде болатын, оған қоса екінші линиядан үнсіз екінші адам тыңдап отыратын еді. Сосын кеш түскенде 90-жылдардың культі болған «Просто Мария», «Дикая Роза» сериалдарын мамаларымыз отыра қалып қарайтын. Сондай-ақ әр үйде үлкендігі жәшіктей жар сағат болатын, тық-тық етіп тілі тынбай соғатын еді.

Бала кезде сосын үнді киносын сүйіп көретінбіз. «Зита-Гита», «Танцор Диско» деген фильмдер хит еді. Үнді актерлерінің наклейкасын холодильникке, шкафқа жабыстырып, суреттерін жинап жанкүйер болдық. Соларға еліктеп маңдайға бояу жағып, шешеміздің матасын сари етіп орап алатынбыз. «Агая-агая» деп өтірік өлеңмен концерт қоятын едік. Әке-шешеміз де үнді әндеріне билейтін.

Оған қоса бұрын шеті мүжілген немесе шаң басып қалған альбомды ақтарып сурет қараушы едік қой. Суретке түсу де бір рәсім болатын. Камерада «удачно или неудачно» түстің бе, қарауға шанс жоқ, шақ еткізеді, болды. Көзің жұмылып, я қызарып, я шаш желбіреп түсті ме білмейсің. Әйтеуір фотограф қалаға барып, пленкіден суретті шығарып әкелгенше ұзақ күтетін едік.

Ауылда өскен соң туған жерімді, онда өткен алаңсыз балалық шағымды жиі сағынам. Баяғыда ауылда нағыз бейғам, алаңсыз өмір сүретін едік қой. Есікті құлыптап, кілтін тура сол жерге шелектің не кірпіштің астына «тығып» кететінбіз. Сірә, таппайды деп ойлаймыз-ау сонда. Болмаса сыммен орап-орап, өтірік құлыпты байлай кететін заман еді. Іштен ілу дегенді тек түнде ғана білеміз, күндіз ашық тұратын. Ұры-қары деген жоқ па сонда, болса да ілуде біреу ма еді…

Қазір қалада бір сағатқа свет өшіп қалса бітті, ақырзаман болғандай шулап қоя береміз ғой. Ал бұрын ауылда жарық 1–2 күндеп немесе кешкісін өшсе, таңертең бір-ақ жанатын. Ол кезде шамның білтесін тазалап, шынысын сүртіп қою міндетті жұмыс еді. Жарық сөнсе, май шаммен пеш түбінде пысылдап сабақ оқып, шай-тамақ ішіп алатынбыз. Баламыз ғой, иттің, қоянның т.б. қолмен жасап көлеңкеге қарап ойнайтын едік. Май шамның шынысы сынып қалмасын деп абайлап ұстайтынбыз. Білтесін қайшымен қиып, тегістеп салатын едік. Қазіргілер май шам десе, «свеча ма?» – деп сұрайды. Оның не екенін көбі білмейді.

Ауыл тіршілігі дегенде есімді білгелі анам ерте тұрып сиыр сауып, оны өріске қосып, от жағып, күл шығарып, нан басып, май шайқап, құрт қайнатып, тары пісіріп, талқан түйіп, қора сылап, үй әктеп, жаз болса бау-бақша суарып, құстардың балапандарын бағып, тезек соғып, оны аударып, огород түптеп, арам шөп жұлып, кір жуып, палас жуып, жүн түтіп, ұршық иіріп, малдың алдынан шығып, жеп-шөбін беріп, тамақ жасап, шай қайнатып, отын жарып, бәк толы су тасып, т.б. тірлікпен жүретін. Күнде осы тірлік, күнде осы өмір. Әкем марқұм қырманға не базға кететін. Сонда анам шаршадым, жалықтым демейтін. Таңғы шайдан соң нан басып, сырттағы ошаққа от қойып келетін. Сол үлкен қазанда не құрт, не тары, не кір жууға су қайнататын. Қара қазан қайнаса, жыным келетін. Себебі шыбық теріп, от салып тұру менің міндетім болатын.

Жалпы, бұрынғы отбасылардың көп балалары болған ғой, күнде нан жауып, олардың кір-қоңын жуған әйелдер қандай шыдамды болған! Бірінікін-бірі алма-кезек киіп, ең керемет киім дегені былғары пальто мен шарқат, норка шәпкі болған. Ал қазір ше? Норка шуба, айфонның соңғы моделі. Үйге су келіп, отопление жанып тұр, мал жоқ, шұбырған бала-шаға жоқ, тапқанымыз 3–4 баладан аспас, полуфабрикат дүкенде толып тұр, сатып ал да жасай сал, памперс бар, жаялық жумаймыз, кірді машинкаға саламыз. Интернет те бар. Бірақ шаршаймыз, «түу, осы үйдің тірлігі бітпейді» дейміз. Бұрынғы келіндердің арманы «күйеуім ішпей, концерт қоймаса екен» дейтін болса, қазіргі келіндер «тезірек енемнен бөлек шықсақ екен» дейді. Заман деген, адам деген қызық қой…

Шешем – Сталин, Брежневскийдің тәрбиесімен өскен қатал кісі. Мені де жалғыз қыз деп еркелетпей, қатты ұстады. Бір жолы мамамнан қиылып сұранып, қыздармен дискотекаға бардым. Ауылда дискотека көп болмайтын. Содан құрбылармен ұяла билеп тұрдық. Бір кезде үстінде малға киетін фуфайка, басында көнетоз қызыл орамалы бар, галошпен борпылдап мамамның жұлқына кіріп келмесі бар ма?! Қырғын адамның арасынан көзбен мені іздеп тұр, ал жұрттың назары мамамда. Позор, тесік болса кіріп кетуге шақ тұрмын. Бүкіл ел, диджей болған бала музыкасын тоқтатып аңырайып шешеме қарап қалған. Би жайына қалды. «Салтанат, сенің мамаң келіп тұр» деп жарыса жамырап тұрғандардан құлақ бітеледі. Екі бетім ду қызарып, сыртқа ытқып шықтым. Алдында безілдеп кетіп барам, өкшелеп артымнан мамам қуып келеді. Үйге жеткесін сыбағамды алып, шешем екі сағат лекция оқыды. Сондағысы айтқан уақытында үйде отырмай, мен бір сағат кешігіппін. Сол жайттан кейін сабаққа баруды айтсейш бәрінен де. Ауысып кетейін десең ауылда өзі бір ғана мектеп, басқа жоқ. Содан біразға дейін мектепке ұялып кіріп, ұялып шығып жүрдім. Мақұл, бұл оқиға ұмытылмайды ғой, арада біршама уақыт өткен соң барған вечерімнің естелігін айтайын.

Анамнан сұранарда құдай-ау жалбақтап үй жинап, кір жуып, бар өнерімді салатынмын. Оның өзінде ойланатын ол кісі. «Не бар шошаңдап, вечерсіз-ақ өстік қой, әкеңнен барып сұран», – деп папама переадресация жасап жіберетін. Содан әкем өйтіп-бүйтіп жібереді әйтеуір. Бірақ мамам надзиратель құсап бақылап, «Боянба, әй, қыз, шайтан құсамай шашыңды жина, шолтитпай ұзын ки», – деп сарнап тұрады төбемде. Үйден шыққан соң, қыздармен вечер болатын үйге барып дайындаламыз. Әркім өзі косметика, плойка, тіпті, ауыстыратын киім ала шығады. Шашты бұйралап, бояу жағып, бір қыз әкелген жалғыз духиді «өлтіріп» тұрып сеуіп аламыз. Оның иісі де оңып тұрған жоқ. Көп сепсең, спирттің иісі ме, басың айналып кетеді. Бәрімізде жаппай бір иіс. Сондағысы күнде көріп жүрген кластың ұлдары ғой, неменеге сыланғанымызды білмеймін. Отырыс басталып, өзімізше суға езілген «Юпиге» тойып алып, тост айттық. Мамам мені о баста екі-ақ сағатқа жіберген. Бірақ екі сағатта қызық біте ме, енді басталып жатқан. Бір кезде түрі өрт сөндіргендей түтігіп шешем кеп тұр. Сөйтсем, менің «золушка уақытымның» тарифі біткен екен ғой. Ол кезде де шыж-быж болып үйге қайтқам.

Балалық, шалалығымен қабылдаған енем

Қазір есейіп, өзім де үш 3×4-тердің анасы болдым, патенттеп алған жолдасым бар. Алғаш келін боп түскенде басымнан өткен қызықтарыммен бөлісейін. Ауылдың қызы болсам да, мені сиыр сауу, от жағу, самаурын қайнату сынды тірлікке әкем марқұм жолатпайтын. Шешеме «Жалғыз қыз, діңкілдетіп жұмсама» дейтін. Менің тірлігім үй жинау, кір жуу, «барып кел, шауып келден» аспайтын. Соның есесін келін болғанда көрдім-ау. Ол кезде білгенімнен білмейтінім көп, «піспеген» шала едім. Бір күні енем: «Даладағы сәкі үстінде самаурыннан шәй ішейік», – дегені. Ішімнен тап сол тірлікке мені жұмсамасыншы деп тіленіп тұрмын. Болмады, орашолақ мені жұмсады. Содан білетін адам құсап тымпиып, самаурынның ішіне ағаш-қағазды сықитып толтырдым. Сосын ортасындағы мұржасына лықылдатып су құйдым. Ортадағы ұзын трубада су қайнап, шүмектен ағады деп түсінсем керек. Астынан су кеткеніне қарап, «мынау тесік па не өзі?!» деп қоямын тағы. Содан шырпы әкелмек болып ішке кірдім. Менің айналшықтап кеткенімді сезіп, енем марқұм самаурынды ашып қалған ғой. Сөйтсе, ішіндегі жаңқа ағаштар тізіліп кеп, «Сәмбердік, апа, бізді ауыш келініңіз осы жаққа қамап қойды» деген ғой (күліп). «Ойбай, мынаусы несі, ішін ағашқа толтырыпты ғой», – деп енем ішек-сілесі қата күлген еді.

Тағы бірде үйдегілердің бәрі жұмысқа кетіп, ересектерден тек мен қалдым. Қасымда он бір айлық қайнағамның баласы мен қайын сіңлім бар. Ойын баласы емес пе, қайын сіңлім ойнауға кетті. Біраздан соң үйдегі 11 адамның кірін жуып алайын деп далаға қазанға от жақтым. Ол кезде Ақжарға газ да, су да келмеген. Қазанға су құйып, астын жағып қойдым да, еңбектеп жүрген қайнымды тамақтандырып, 50 балапанға жем-суын беріп, қайын сіңлімді іздеуге кеттім. Өзім «қарбыз жұтқанмын», қайнымды көтеріп алып Ақжарды кездім. Содан әйтеуір оны әзер тауып үйге келсем, ошақ лаулап жанып жатыр. Суы әлдеқашан таусылып, қазаным жанып жатыр. Қорыққанымнан сол жердегі бір шелек суды шашып қалып едім, қызып тұрған қазан қақ айырылды. Мә, енді қайттім?! Кешке жұмыстан бірінші қайнағам келді. «Әй, Салтук, қазанға не болды?» – деп сұрады, мен жүрген жерге шөп шықпайтынын түсінді-ау. Бәрінен де марқұм енемнен қорықтым. Ол кісі де менің қылығымнан шаршады ма, әлде осыған сөзім шығын деді ме, әңгімемді тыңдап болып: «Е-е жарайды, Айсұлудікінен» (енемнің сіңлісі) басқа қазан алдыртармыз», – деп жылы жауып қойды. Бірақ содан кейін мені қазан-ошаққа жолатпады.

Оны қойшы, бірде енем үйге алма әкелді. «Мынаны компот қыларсың, салқындатып ішеміз», – деп маған табыстады. Компот қайнатып көрмеген менің ішім қылп ете қалды. Интернет те жоқ ол кезде. Содан әкелген алманы суға салып жуа бастадым. Бір жудым, екі жудым. «Не істеймін?» деген оймен арпалысып жүрмін. Қайта-қайта алманы жуа берген маған енем келіп, «Осы жуғаның да жарайды ғой, енді бастай бер», – деді. Алтыншы рет жуғаннан кейін енемнің «сомнительный» көзқарасын көріп, өз анама звондадым. Онда да енем естіп қалмасын деп бәсең үнмен хабарластым. «Алло, мам, қалайсың? Жақсы, шүкір. Мам, сенен бірдеңе сұрайын, тек бақырмашы. Осы компотты қалай жасайды?.. Түу, мама, ұрыса бермеші. Енді кезінде үйренген жоқпын… Иә, мама, уақыт жоқ, тез айтшы… аха, сосын… шекер қанша салам?… Мм… ок. Давай, сосын хабарласам», – деп артыма жалт бұрылсам, енем тұр. Екі бет кетті алаулап. Келіні тым «чистоплотный» болғаннан алманы қайта-қайта жумағанын енем де ұқты-ау деймін.

Бір күні енем қыдырып кетіп, немересіне сарқыт әкелді. Өз үйімде үйреніп қалған басым, «Маған не әкелдіңіз?» – деппін ғой. Содан кейін енем барған жерінен бір қалтасына қайнағамның баласына, екінші қалтасына маған сарқыт сап әкелетін. Мені дүкенге жұмсаса, «Сдачасына балмұздақ алам», – деп еркелейтінмін. Жалпы, мен әулеттегі ең кіші келінмін. Сол жылдары мені тек марқұм енем ғана жақсы көрді-ау. Рас, мені минус-плюсыммен, балалық, шалалығыммен қабылдаған сол кісі. Балалығым басылмаған, даңғырлап, қаңғалақтаған шақта келін болғанымда ақылын айтып, талай қателігіме көз жұма білді. Ол кісіге ризашылығым шексіз.

Бірді айтып бірге кетті демеңіз, әкемнің жеті бауырының бәрі дерлік мұғалімдер, тіл мамандары болғандықтан мен де гуманитарлық саланы меңгергім келді. Сөйтіп, бала кезден журналистикаға ынтық болдым. Бірақ әкем марқұм Алматыға оқуға жібергісі келмеді. «Жалғыз қызымсың, көз алдымда жүр, айналайын», – деген бірауыз сөзі менің бала арманымның қанатын кескен еді. Сөйтіп үйдің қасындағы кооптехникумға тапсырып, программист мамандығы бойынша бітірдім. Дегенмен курстар оқып, журналист, диетолог, хэндмейкер деген мамандықтарды игердім. «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды», – деп хакім Абай айтқандай, қазір отбасымызбен қолөнерді кәсіп етіп, табыс табудамыз. Жолдасым – ағаш ұстасы. Кейінгі кезде қолөнерге түбегейлі бет бұрып, жүргізушілік жұмысын тастады. Әр шаңырақтың төрінде ілініп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп қалатын әулет шежіресін ағаштан жонып, бояумен сырлап жасайды. Жеті ата таратылып көрсетілетін бұл шежіре отбасылық мұрағат, естелік деуге болады. Ал мен тойбастар, кәдесыйлар мен түрлі бұйымдар жасаймын.

 

Респондент: Салтанат Серікболқызы

Интервьюер және редактор: Айнұр Ермаханова