МЕНІҢ АТАМ

Мені әкем балам деп емес, «шалдың баласы» деп атайды. Есесіне атамнан «балам» дегенді көп естідім. Атам өзінің қылықтарымен сырт көзге өте қызық кісі көрінетін. Үйіне келген қонақтың кеткенін қаламаса, «ит тартып кетті» қылып, аяқ киімін тығып қоятын, өз балаларын «бөліп» жақсы көретін, ол дегеніміз мейірі барлығына емес, тек кейбіріне ғана түсетін. Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» шығармасында жасы алпыстан асса да құрдастарын көрсе, алыса кеткісі келетінін, асық ойнап жатқан кішкентай балаларды көрсе, асықтарын алып қашқысы кеп тұратынын айтады. Оның себебін балалық шағының қиын өткендігімен, ойнап үлгермегендігімен түсіндіреді. Мен де атамның жоғарыда айтқан «бала» қылықтарын, жастайынан жетім өсіп, балалығы қанбай, ойынға тоймай қалғанынан деп ойлаймын.

Атамның шешесі үш күйеуден төрт құрсақ көтерген кісі. Бірінші күйеуінен екі қызды өмірге әкелген уақытта, жолдасын сәбет үкіметі айдауға жібереді. Содан атамыздың шешесі екінші рет «Арқадан ауып келген тарақты руынан» Қалқабай атты жасы келген кісіге тұрмысқа шығып, менің атам – Үйсінбай өмірге келеді. Қалқабай көп ұзамай дүние салып, әжемізді әмеңгерлікпен Қалқабайдың ағасы алады. Ол некеден атамыздың тағы бір қарындасы өмірге келеді. Өмір аямаған Дәрібала әжеміз де төрт құлыны жетілмей жатып өмірден озады. Осылайша әкеден де шешеден ерте айрылған атамды өмір ерте есейтеді.

Атамның есімінің қойылуы да ерекше. Атамның әкелері ашаршылық заманында Арқадан жаяу Оңтүстікке ауып келген. Жолда біразы қырылып, көрер жарығы барлар арып-ашып, қазіргі Жамбыл облысының жеріне әзер жеткен. Жалаңяқ мыңдаған шақырым жүріп, табандары көгеріп келген тарақтыларды, жергілікті жұрт «көктабандар» деп атап кеткен. Менің өзімді ауылдағы кей кісілер бала кезімде солай атағыны есімде. Сол «көктабан» тарақтылардың ішінде менің тікелей аталарым төрт ағайынды болған. Сол төртеуінен тек Қалқабайдың ғана ұлы болған. Ұрпағы Үйсіндердің жерінде жалғасқанына қуанып, алғыс ретінде атама «Үйсінбай» деген ат берген екен. Сол Үйсінбайдан 6 қыз (біреуі сәби кезінде шетінеп кеткен), 4 ұл тарайды.

Жоғарыда атамның өз балаларының барлығына емес, тек кейбіріне ғана мейірі түсетінін атап өттім. Сол әдеті немерелі болғанда да жалғасын тапты. Атамның маған дейін 8 немересі болғанымен, ешқайсысын жақын тартпапты. Тоғызыншы болып келген мені ғана «балам» деп атап, бар махаббатын маған арнады. Мен үш жасқа келгенде әкем аудан орталығынан үй алып, біз қара шаңырақтан бөлек шыққан екенбіз. Бірақ аптаның әр жұмасы кешке атамның машинасы балабақша алдында тұратын да, мені ауылға ап кетіп, бар жылы-жұмсағын маған ұсынатын. Ұйықтар алдындағы ата-әжемнің ортасында жатып, денемнің барлық жерін сүйдіретінім, балалық шағымның тәтті бір елесі болып жадымда қалды. Ең аяғы сүйдіретін жер қалмай, тырнақтарымды беретінім есімде. Анамның айтуынша, менің әжем «баламның ішегіме суық тимесін» деп, таңсәріде тұрып су қайнатып, сол суға кесеге құйылған айранды жылытып қояды екен.

Әжем 2003 жылы дүние салып, содан бір жыл өтпей атам да инсульт алды. Содан атамның сол қолы мен сол аяғы жансызданып, төсек тартып қалды. Еңгезердей атам, бірер жыл ішінде ілмектей болды да қалды. Анда-санда ауылға барғанда атамның сұрауымен аяғын майлап, уқалап бергеніммен, көбіне ойынға кетіп қалатынмын. Қазір мені өкіндіретіні де сол. Төсек тартып жатқан күндерінің бірінде әкемді шақырып, үйге нотариус алдыруын өтінеді. Әкемнің «неге?» деген сұрағына «қара шаңырақты Мирас балама (яғни, маған)» қалдырамын деп жауап береді. Әкем азар да безер боп, өзінің үйі барын, сол үйді жалғыз ұлы маған қалдыратынын айтып, қара шаңырақта отырған кенже ұлының жағдайын да бір сәт ойлауын өтініп, көнбей қояды.

Атамның маған деген махаббатынан мен жақсы көрген адамдарыма қалай жақсылық жасауды үйрендім. Ал балалары мен немерелеріне мейірін «бөліп» төккеніне қарап, олай жасамауды үйрендім. Қайткен күнде де, атамның әр әрекеті мен үшін өмірлік сабақ бола білді.

 

 

Әңгімені жазған: Мирас ҮЙСІНБАЙ