МЕНІҢ ЕҢ ҚЫМБАТ ЖАНДАРЫМ

Менің әжем Шүкіргүл Кәрібайқызы өмірден көргені мен түйгені мол сұңғыла жан болатын. 1900 жылы Қазалыда туған, 82 жасында қайтты. Ал атам Ешмұратты көрген жоқпын, мен дүниеге келместен бұрын, 1956 жылы өмірден озған екен. Жалпы, әжем көп құрсақ көтерген, бірақ балалары тұрмай шетінеп кете беріпті. Соған ырымдап әкемнің атын Тұрғанбай деп қойған. Ғұмыры ұзақ болсын деп көп жасаған жеті кемпірдің астынан да өткізіпті, оған қоса құлағына сырға тағып, «Сырғалым» деп те атапты. Сондай-ақ жеті жасқа дейін тіл-көз тиеді деп бөгде жан баласына көрсетпей өсірген екен. Папамнан кейін Тұрғангүл деген қызы, Тұрғали есімді ұлы дүниеге келген. Әжем: «Осылар менің барым да, нарым да», – деп айналып-толғанып отырушы еді.

Жарықтық әжем ораза тұтып, намазын оқып, Алланы аузынан тастамайтын. Өсек-аяң, сыпсың сөзге жоқ еді. Тұңғышынан тараған тоғыз немересі әжемнің қасына жатуға таласатынбыз. Біріміз бауырына тығылып, біріміз етегіне оратылып меншіктеп алатынбыз. Ондайда Рахима апам: «Маған әжемнің аяғы да жетеді», – дейтін (күліп). Әжем сәресін ішкенде, қантқа бөккен талқан-сөгін бәрімізге теңдей бөліп беретін. Осы күні «содан өзі дәм татты ма екен?..» деп ойлаймын. «Қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей, әжем сарқылмас дариядай еді. Бізге тарихтан сыр шертіп, өздері өскен дәуір тынысын, аңыз-әңгіме, ертегінің майын тамызып айтып беретін. Соның бірін сіздерге де баяндап берейін.

Тәркілеу, аштық зобалаңы деп ел есеңгіреп, мал түгілі жан қайғы болған жылдары Ешмұрат атам мен Шүкіргүл әжем атажұртын тастап, үдере көшуге мәжбүр болған. Бұл Кеңес өкіметінің қысымы мен ашаршылық салдарынан сан мың қазақ босып кеткен өте бір ауыр кезең еді. Тарыдай шашылған халық Қытай асып, Тәжікстанға, Иран мен Ауғанстанға да ағылды. Қызылорда мен Маңғыстау жұрты көршілес Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түрікменстанға бас сауғалап кетті.  Ата-әжем де Қазалыдан Қарақалпақстанға көш түзеген, ол кезде әкем Тұрғанбай бір жасқа да толмаған сәби екен. «Жол торуылдап жүрген ұры-қарыларға ұрынбай жетсек игі еді, бесіктегі бөпеміз шыр етіп жылап қалмаса екен» деп Алладан үзбей тілеген екен. Әжемнің айтуынша, «басымыз аман жетсе болды» деп, сандықтағы алтын-күмістерін жолай әр жерге көміп кете беріпті. Осылай жол азабын тартып жүріп Шоманайға да жетеді, сонда кәкем мен әжемнің ұрпағы өсіп-өніп, қанатын кеңге жайды. Кейінірек біздің әулет Төрткүл ауданына тұрақтады. Менің әкем совхозда бухгалтер болды, ал Тұрғали тәтем Кірпішзауытта біраз жыл басшылық қызмет атқарды. Тұрғангүл апамды «Ақкөкем» дейтінбіз, ол ауылдағы қыздардың ішінде ең бірінші техникум оқыған ару болды.

Әжем он саусағынан өнер тамған ісмер еді. Қойдың жүнін түтіп, ұршық иіретін, текемет-киіз басып, алаша тоқитын. Киіз басу оңай іс емес. Оған қолдың күші, сонымен қатар ептілік пеп төзім керек. Әжеммен бірге қойдың күзем жүнін таңдап алып, шаң-тозаңнан айырып, ұйысқан тұсын жаздыру үшін сабаумен сабайтынбыз. Сосын шидің үстіне сабалған жүнді тегістеп жайып, үстінен қайнаған су құйып, тез арада шимен орайтынбыз. Сөйтіп жүннің басын біріктіретін едік. Ыстық буы бұрқырап жатқан киізді білегімізбен ұрып езгілеп, аяққа салып басатынбыз. Сосын оны екі қабаттап бүктеп, екі басын бір-біріне түйістіре жіппен көктейтінбіз. Сондай-ақ әжем түтілген жүнді бояйтын еді. Жалпы, киіз басу сынды машақаты көп жұмысты көрші-қолаң бірігіп атқаратын. Арнайы бір күнді белгілеп, ауылдас қыз-келіншектер мен апа-әжелерді шақыратынбыз. Бұл жолы біздің үйде бассақ, келесіде көршіге көмекке баратынбыз. Бұл деген ауызбіршіліктің бір көрінісі еді.

Әжем киіз, текемет басқанда қошқармүйіз, сынықмүйіз сынды оюларды нақыштап салып, үйдегілердің атын жазып қоятын. Анам екеуі өзіміздің қарүйдің (киіз үй) бұйымдарын жасап, 3–4 жылда жаңалап тұратын. Ол кісі текеметке өрнек басу, тоқыма тоқудың жөн-жосығын бізге үйретіп кетті. Жалпы, киіз басқанда қазан-қазан су қайнатады ғой. Бір жолы солай жүнді қайнатып жатқан ошаққа күйіп қалғаным да бар.

Әжем мен ес білгелі төсек тартып жатқан емес. Тек қартайған шағында жанары суалып, ота жасатты. Сонда мен жетектеп жүріп, шашын тарап беріп, қарайластым. Мейірімі төгіліп, аса риза болған кезінде әжем «Айналайын, көп жаса!» дейтін. Науқастанып қалсам, әжемнің сол сөзі еске түседі. Айыққан сәттерімде «бәлкім, әжемнің батасын Жаратқан Ием қабыл етті ме екен?..» деп ойлаймын. Қазір өзім де әжемін, «Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті» деген рас екен. Әжемді Алла рақымына бөлегей!

Үйде тоғыз бала болдық деп жоғарыда тілге тиек еттім ғой, үлкендер «Ұлдың атын ұқсас қой, қыздың атын қиғаш қой» деген ырымға сүйеніп, төрт ұлдың есімін Ерғали, Есенғали, Сейсенғали, Мейрамғали деп ұйқастырып қойса, қыздарды Рахима, Разия, Рабиға (мен), Ағилаш, Қалияш деп атапты. Біз үшін әке-шешеміз көп еңбек етіп, тоғызымызды да қатардан кем етпей өсірді. Тәлім-тәрбие тал бесіктен беріледі ғой, бізді жастайымыздан еңбекке баулып, адал нан табуға үйретті. Еңбекпен тапқан нанның тәтті болатынын ұғындырды. Әке-шешем бәріміздің білім алуымызды қалап, жөн сілтеді. Тұла бойы тұңғыштары Ташкентте, Ағилаш сіңлім Алматыдағы үздік жоғары оқу орнында оқыды. Шүкір, әрқайсысымыз өмірден өз орнымызды тауып, үйлі-жайлы, бала-шағалы болдық. Оларға ризашылығым шексіз.

Ата-анам құрдастар еді, 30-жылдың тумалары. Екеуі көрші тұрып, мектепте бірге оқыған. Олардың балалық шағын 37-жылғы зұлмат, сұм соғыс ұрлаған. Еңбекке ерте жастан араласып, тірлікке піскен. Әкем Тұрғанбай Ешмұратұлы үш сынып қана бітіріп, кейін «вечернийда» оқыған. Бухгалтер болып ұзақ жыл еңбек етті, зейнетке шыққан соң дүкен ашты. Бойында тектілікті, ірілікті асқақтатар сан қасиеттер тоғысқан, орнықты сөйлейтін, салмақты жан болды. Жаман әдеттерден аулақ еді. Бес уақыт намазын қаза етпейтін. Сөзбен емес, ісімен бізге үлгі көрсететін. Бір шаңырақтың иесі мен киесі, асыл әке, ардақты ата да бола білді. Мен, негізі, әкемнің қызы болдым. Әкем марқұм бар ықыласын төгіп, тәттісін аузыма тосатын. Ол жұмысқа кеткенде айырылмай, жылап қалады екем. Алты жасқа дейін әкемнің алдына отырып шай ішіп, мойнына асылып өскен ерке қыз болдым.

Анам Пәтима Мешітбайқызы жайлы айтсам, ол кісі жетім өсіп, көп қиыншылық көрген. Ауру анасына қарап, артынан ерген жалғыз бауырына қамқор болыпты. Анам көбейту-бөлу амалдарын жаңғақтай шағатын, оқуда алғыр болған. Он алты жасында әкемнің шаңырағына келін болып түскен. Анам мұң шағып, өткенді езіп отырғанды жаратпайтын. Сөзі өткір, ақты ақ, қараны қара деп тіке айтатын. Бейнеткеш, қайсар жан болатын. «Үшінші баламды мақта теріп жүріп босанып қойғам, ертесіне колхоз жұмысына қайта шығып кеткенмін», – деп айтып отыратын. Жұмыстан кейін мамам үйелмелі-сүйелмелі тоғыз баланың ас-суын дайындап, құрт жайып, күбі пісіп, май алатын. Одан бөлек құрақ құрап, көрпе тігіп, қолөнермен айналысатын. Біз дүкеннен киім алмайтынбыз, анам өз қолымен көйлек тігіп беретін.

Соғыстан соңғы жылдарда Одақ бойынша ауыл шаруашылығын дамыту, тусырап жатқан шөл даланы суландыру, егіншілік кәсіпті жолға қою көзделді. Егіншілікке су жеткізу үшін ең алдымен канал қазу ісі қолға алынғаны белгілі. Ол уақытта техника деген қат, ені 30–40 метр, биіктігі екі-үш адамның бойындай, бірнеше шақырымға созылған каналды қолмен қазу нағыз жанкештілік! Оған ауыл адамдары жұмылдырылған. Колхоздың тапсырмасы бойынша әр үйден бір адам, негізінен, әйел кісілер шыққан, біздің үйден кетпен-күрегін арқалап анам кірісіпті. Әркімнің күнделікті белгіленген нормасы бар, таң алагеуімнен ымырт үйірілгенше бел жазбай, соны қалайда бітіруі тиіс. Апта, ай соңында каналшылардың арасындағы социалистік жарыстың қорытындысы шығарылып, озаттарға мақтау қағазы, бағалы сыйлықтар берілген. Анам ширақ қимылдап, үнемі алда жүреді екен. Сондықтан атам әжеме: «Келінге шай дайындап отыр, ол менің атымды шығарып жүр», – деп риза болады екен. Еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында радиода «Ешмұратова Пәтима» деп аты аталып, анам сағат, радио сияқты сыйлықтармен марапатталған. Мақта терімде де анам көш басында жүреді екен. Сол еңбегі ескеріліп, кейін аудандық депутат болды.

Анам нағыз ел анасы болатын. Шәй десіп қалған жандарды татуластырып, араздасып қалған жұптарды табыстырып жүретін. Үйде отырмайтын, түске дейін біреу мәселесін шешіп беруі үшін қолқалап ертіп кетсе, түстен соң тағы біреу «құдалыққа жүріңіз» деп құрметтеп шақырып алатын. Анамның ақ ниеті мен кең пейіліне орай келіндері де инабатты, көргенді болып түсті. Екі келіні бір шаңырақтың астында апалы-сіңлідей боп қанша жыл тату-тәтті тұрды. Ата-анам тоғыз баласынан 29 немере-жиен көріп, жапырағы жайқалған алып бәйтеректей болды.

Біз Қарақалпақстанда тұрсақ та, салт-дәстүрді сақтаған, қазақилықтың иісі аңқыған берекелі әулет болдық. Ақ дастарқанымыз жиылмай, үйімізден қонақ үзілмейтін. Әке-шешем ауыл-аймаққа сыйлы, көптің алғысына бөленген жандар еді. Біздің үйге қызығып, «балалары әдепті, қандай тату-тәтті жанұя» деп тамсанатындар көп болатын. Көз тиді ме, сөз тиді ме, төрт бауырымнан мезгілсіз айырылып қалдық… Ол жаныма қатты батады… Ата-анам да ауырмай-сырқамай, сексеннен асып қайтты. «Адам өмірден өткен күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» дейді, ағайын-туыс, бауырлары мен тұлпардың тұяғындай ұрпақтары барда, олар ұмытылмақ емес.

Ақ кимешек көрінсе сені көрем,

Ақ кимешек жоғалса нені көрем?! – деп Мұқағали ақын жырға қосқандай, немерелерін айналып-толғанып отыратын ақ жаулықты әжем мен мейірім нұры төгілген аяулы анамды, қамқорлығына бөлеген асыл әкемді сағындым!

Сөз соңында ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан құндылығымызды ұлықтап, буындар арасындағы жылулықты дәріптеп жүрген сіздерге алғысымды білдіргім келеді. Еңбектеріңіз елене берсін!

Авторы: Рабиға Ешмуратова