ЫРЫСАЛДЫ ӘЖЕ

Мен Әжемнің қолында өсіп, тәрбиесін көрдім. Оның аты әдемі болатын – Ырысалды, қазақ тілінде бақыттың, жақсылықтың жаршысы деген мағына береді. Ол 1926 жылы 15 тамызда Қостанай облысы Шиелі ауылында дүниеге келген. Әжем ашаршылықты да, соғысты да, Кеңес Одағы кезін де бастан өткерді, Тәуелсіздік алғанымыздың куәсі болды, коронавирустан да тайсалмады. 2023 жылдың ақпан айында 97 жасында дүниеден өтті.

Ол керемет байсалды және дана әйел болатын, әр кез өмірден көрген-түйгенін байыппен,  қарапайым жеткізетін, байсалды және эпитеттерден аулақ болатын. Меніңше, Әжемнің ең ерен ерлігі – бар саналы ғұмырын отбасын нығайтып, ынтымағын арттыруға арнағаны. Ол жүрегі кең адам еді.

Әжем әкесінен ерте айырылып, жастайынан еңбекке араласуға мәжбүр болды. Ол уақыт кім-кімге болсын қиын соқты, адамгершілік құнсызданып бара жатты. Аштықтан құтылу үшін жақынын аямаған адамдар туралы әңгімелер айтқаны есімде.

Ұлы Отан соғысы басталғанда ол небәрі 15 жаста еді. Ағалары майданға аттанғандықтан ерте есейіп, жас болса да сол кездегі барша адам сияқты жеңіс үшін барын салды. Тылда олар майданға көмектесіп, қолдау көрсетті. Таң атқаннан кеш батқанға дейін жас қыздар мен бойжеткендер колхозда жұмыс істеген екен: жер жыртқан, егін салған, оны жинаған, мал баққан, майданға жөнелтілетін азық-түлікті вагондарға тиеп, кешке қарай сарбаздарға рух беру үшін хат жазуға керосин шамдардың жанына жиналады екен. Әжем бұл кезді әрқашан мақтанышпен еске алып, қиындыққа қарамастан, майдандағы ағаларына көмектесудің бірден-бір жолы осы болғанын айтатын.

Соғыстан кейін ол жер жұмысын жалғастырып, ауыл шаруашылығымен айналысты, тіпті жасөспірім кезінде тракторда жұмыс істеген. Балаларының бойында еңбекке деген сүйіспеншілік пен құрметті тәрбиелеп, өмірлік ұстанымдарын сіңіріп өсірді. Әжем адал еңбек пен отбасылық құндылықтар ғана бізді мықты әрі бақытты ете алады дейтін үнемі.

Ол әр кез білімге үлкен көңіл бөлетін. Менің ойымша, соғыстың кесірінен бұл мүмкіндіктен айырылған, бірақ соған қарамастан, үнемі өздігімен білім алуға талпынған Әжем білімнің қадірін бәрінен де жақсы білген сияқты. Ол әрқашан білім алуға жағдай жасап, ұмтылысымызды қолдап отыратын, оның: «Білім – кедей мен байды теңестіреді» дегені есімде.

Оның өскен ортасы бойында өзгелерге деген толеранттық сезімін оятқаны сөзсіз: бұған әртүрлі этностардың Қазақстанға жер аударылуы және ауыр күндерді бірігіп еңсеруі себеп болса керек. Ол кезде барлық этнос өкілдері аштықты бірге өткеріп, бір-біріне қолдау көрсете білді, біріге білді. Сол сұм заманның жаңғырығы бізге жақсы жағынан жетті – Әже әр кезде түрлі тағамдар пісіретін: дастарханымызда қазақтың бешпармағы ғана емес, кавказдық үзбе, сиыр сирағынан дірілдек және басқа да тағамдар тұратын. Оның қолөнерлік қабілеті де таң қалдыратын – көрпеден бастап жастыққа дейін үйді ерекше безендіретін. Әжем үйді жайлылық әрі жылылыққа толтыра алатын, оның жанында өзімді әрқашан сүйікті әрі қауіпсіз сезінетінмін.

Ол қазір арамызда болмаса да, даналығы жүрегімде мәңгі сақтаулы. Ол ұрпағының есінде қазақ мәдениеті мен дәстүрінің ең жақсы үлгісін көрсете білген қайратты да мейірімді әйел ретінде мәңгі қалады.

Сұхбат беруші: Жандос Ақтаев

Жазып алған: Гүлназ Туленова

Редактор: Қымбат Калиева

Аударған: Перизат Кәрімқұл