Менің атам Сәрсенбай 1905 жылы Қазақстанның оңтүстік-батысындағы Форт-Шевченко деген жерде дүниеге келген. Ол мекенді Ақтетік деп те атаған. Қазір Ақтетік деген аты қайта берілуде. Бұл өңірдің Форт-Шевченко аталған себебіне келсек, орыс империясы кезінде украинның ұлы ақыны Тарас Шевченко Маңғыстаудың мидай даласында айдауда болған екен. Ол мұнда балық аулап, ағаш егіп, күнкөріске жақсы жер екен депті. Сонымен қатар ақын Каспий теңізі арқылы пароммен Иран, Әзірбайжанға жолдарды көрсетіп, халықтың осы мекенді игеруіне септігін тигізген.
Атам байдың баласы болған. Тағылымы мол ата-әжесінің тәрбиесін көріп өскен. Отбасында бес ағайынды, кәкем (атамды «кәке» деп айтамыз) үйдің тұңғышы екен. Кәкемнің әкесі Сүйіндік атам – сол кездің өзінде Меккеге барып қажылығын өтеп келген кісі. 1916–1917 жылдары Кеңес үкіметінің қызыл әскері Маңғыстауға келіп, байлар мен басқа да ауқатты адамдарды қудалайды. Сол кезде Сүйіндік атам алда қиын заман боларын біліп, кәкеме «бауырларыңа бас-көз бол» деп аманат етіпті. Кәкемнің төрт бауырының ішінде үшіншісі аса білімді болған және сол жылдары Ташкентте оқыған екен. «Байдың баласы» деп оны сонда жүргенде ұстап алған. Жалпы, солақай саясаттың салқынымен Сүйіндік атам мен үш ұлы қуғынға түскен. Үлкен бір әулеттен кәкем, анасы және кенже інісі ғана аман қалған. Содан үшеуі бірер дүниесін алып Иранға қоныс аударған. Кәкем үш жылдай Иран мен Түрікменстан арасындағы Красноводск деген портта саудамен айналысып, күнкөріс амалын жасайды. Анасы мен інісін сондағы басқа қазақтар арасына орналастырады. Осылай сауда-саттықпен отбасын асыраймын деп жүргенде кәкемді қызыл әскер ұстап алып, Сібірге жер аударады. Есімде қалғаны бойынша атам бес жылдан астам Сібірде айдауда болады. Сол аралықта Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, атам қан майданға аттанады. 1945 жылдың соңына таман қанды қырғыннан аман-есен оралады. Сөйтіп, кәкем анасы мен інісін іздеп Красноводскіге барады. Барса, анасы дүниеден өтіп кетіпті. Ұзақ іздестіріп жүріп інісін тауып алады. Ол отбасылы болып өз тіршілігін жасап жатыр екен. Ал кәкемнің отбасы, бала-шағасы ашаршылықтан аман қалмапты.
Атам 1947 жылы екінші рет үйленіп, бір ұл және бір қызды болады. Бірақ қызылшадан ол балалары шетінеп кетіпті. 1951 жылы менің әкем өмірге келеді. Кәкем алдыңғы перзенттері шетінеп кете бергендіктен «бір қап тезекке сатып алдым» деп әкемнің атын ырымдап Тезекбай қойған екен.
Әкемнің сәби кезінде анасы жазылмас дертке шалдығып, қайтыс болады. Сөйтіп кәкем кішкентай баламен жалғыз қалады. Ауылда екі баласы дүниеден өтіп, күйеуі «сенің кесіріңнен болды» деп далаға қуып жіберген бір әйел болыпты. Кәкемнің ағайын қарындасы ана сүтіне жарымай қалған әкемді емізіп беруін сұрап, ол әйелді үйге әкеп жүріпті. Ол кісі балаға бауыр басып қалып, кейінірек кәкем екеуі отбасын құрады. Дегенмен олардың менің әкемнен басқа перзенттері болмапты. Әжем тумаған деп айтпаса, туғанынан артық жақсы көретін әкемді. Жеті жасқа дейін емізіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген.
Әкем ержеткен соң анаммен танысып, үйленеді. Екеуі төрт ұл және бір қыз сүйеді. Яғни үйде мен жалғыз қызбын. Біз кәкем, әжеммен бірге тұрдық. Атам сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, аққұба өңді кісі еді. Менің көзімнің үлкендігі кәкеме ұқсайды. Әкем де атамызға тартқан сымбатты болатын.
Атам небір қиын-қыстау күндерді бастан кешкен. Дастарқан басында соғыс жылдарындағы, оған дейін тартқан тауқыметтерін айтып отыратын. Ондайда «Менің көргенімді сендер көрмеңдер» деп көңілі босап қалатын. Сосын бір сөзінде «Байлықтың қызығын көретін де, зарын тартатын да кез болады» дейтін. Сондай-ақ атам дастарқан басында өсиет, өнеге айтып отыратын. Тілімізді кәлимаға келтіріп, дәрет алуды бізге атам үйретті. «Ықылас», «Фатиха» сүрелерін де жаттатқан жан сол болатын. Жалпы, кәкемді де дін жолына үйреткен өзінің ата-әжесі екен. Атам дінге қатаң тыйым салынған жылдары да құран, намаз оқуын тоқтатпаған. Өмірден өткенше де солай болды… Атам туралы сөз қозғағаннан көңілім толқып, сағыныштан көзіме жас келіп отыр қазір…
Кәкем қайнаған соғыс өртінің ішінде жүрсе де, өз өмірі қыл үстінде тұрған алмағайып шақтарда қаймықпай, Отанын жаудан азат етуге жанын салып күрескен. Атамның жан-жақтан атқылаған бомба, от пен оқтың арасынан ажал құшпай аман келуіне Құран сүрелері көмектескен шығар деп ойлаймын. Кәкем өмірден өткенше үкімет жыл сайын Жеңіс күніне орай гүлмен, медальмен құттықтайтын. Мен сондай батырдың немересі болғанымды мақтан тұтамын!
Балалық шағымды, ата-әжемді еске алсам, ол күндер өмірімдегі ең керемет кезең екен ғой. Ата-әжем бізге өз ісімен үлгі-өнеге көрсетіп, әлпештеп, аялап өсірді. Кәкем көктем кезінде немерелерін, яғни бізді «походқа» алып шығатын. Сонда аттың үстіне мені отырғызып, «бір тал қызым, сен жаяу жүрме, шаршап қаласың» деп мәпелейтін. Ал жаяу жүргенде «кәке, шаршадым» десем, арқасына көтеріп жүретін. Кәкемнің ашуына тисек не тентек болсақ, «ой, көбейгірлер», «ой, бар болғырлар» деп ұрысатын, ешқашан жаман сөз айтпайтын.
Әжем де жүзінен мейірімі төгіліп тұратын жан болатын. Мен әжемді «мама» деп айтатынмын. Бізді атымызбен атамай, «жалғызымның жапырақтары» дейтін. Біз ата-әженің мейір-махаббатына қанып өстік. Менен біреу: «Өміріңде кімді қатты сағынасың?» – деп сұраса, «Баққан әжемді», – деп жауап берер едім. Себебі ол кісі бала күнімнен мейірімін төгіп өсірді, зейнетақысын алған бойда «Фатымдікі» деп маған еншілеп қоятын.
Біздің әулетте ат қоюға аса мән берілетінін жоғарыда айтып өттім ғой. Атам әкемнің атын ырымдап Тезекбай қойса, тұңғыш немересі туғанда қатты қуанып, «қанатты болдым» деп сәбиге Қанат есімін берген. Екінші ағам дүниеге келгенде «ошағым жанады (жанат)» деп атын Жанат қойған. Содан кейін мен туғанда есімімді алғашында Ләззат деп атапты. Атам ойлана келе «екі ұлдың артынан ерген қыз, атын Түйме қоямын» деп шешіпті, әжем де қоштай кетіп, «Онда Ақтүйме болсын» деген екен. Бала күнімде «Неге менің атымды ауыстырып Ақтүйме деп атадыңдар?.. Атым өзіме ұнаймайды», – деп қиғылық салғанымда, әжем: «Қой, атыңды Ақтүйме деп қойғанымызға қайта қуан сен, әйтпесе атаң Қоңырау деп атағысы келген», – деді. Оны естіген бойда «Қоңырау болмағаныма шүкір» деп көз жасымды сүртіп, жылауымды қоя салғаным бар (күлді).
Атам 86 жасында, мен 10-сыныпта оқып жүргенде өмірден озды. Ал әжем тұңғышым Серікке аяғым ауыр кезде дүниеден өтті… Қазір өзімнің балаларыма «маған кәкем былай айтқан, мамам былай деген» деп үнемі айтып отырамын. Сондайда қызым Аяжан таңғалып, «Кәкеңіз, мамаңыз күшті сөздер айтып кетіпті ғой», – дейді. Сол кісілердің орнықты ойы мен салмақты сөзі балаларыма тәрбие беруде маған азық боп келеді. Құрбыларыммен отырғанда да ата-әжемнің сөзі есіме түсіп кетсе, бөлісемін. Сондайда олар: «Әрдайым ата-әжесінің сөзін айтады осы», – деп күледі маған.
Мен балаларымның да өз аталарын «кәке» деп атап өскенін қаладым. Үлкен ұлыма «кәке» деп айтуды үйреткенмін. Ал Аяжан кәкесін көзі тірісінде көрмеді, өкінішке орай…
Кейіпкеріміз Ақтүймемен бірге сұхбатқа Аяжан да келген болатын. Осы кезде ол сөзге араласты:
– Бірде мама үй жинап жүріп кәкесінің суретін тауып алды. Сол суретті құшақтап, ой үстінде әрлі-берлі жүрді. Сосын «Мама, не істеп жүрсің?» – деп сұрап едім, «Кәкемді сағынып жүрмін», – деді. Мен түсінбей: «Өмірден өтіп кеткен адамды қалай сағынасың?» – деген болатынмын. Сонда мамам маған: «Өкінішке орай, сен өз кәкеңді көрмедің, бәлкім, сондықтан білмейтін шығарсың мұндай сезімді», – деп жауап берген еді. Осы орайда мына бір жайтты айта кетейін. «Адамның қандай азамат болып қалыптасатыны ата-бабасына, генетикасына байланысты. Ата-бабасының өмір салты қандай болғаны адамның мінез-құлқына, өмірлік ұстанымына әсер етеді. Өйткені оның бәрі текпен, ДНҚ арқылы беріледі» дегенді бір жерден оқығаным бар. Мен бұл пікірмен келісемін. Ата-бабаң қорқыныштан қайтыс болса, сен де үнемі үркектеп жүресің, қорқақ боласың. Ал егер бабаларың батыр болса, онда өз бойыңда да батылдық, батырлық қасиеттер болады. Осыған орай атамыздың бекзат болмысы, тау тұлғасы аңыз болып келе жатқаны – біз үшін, біздің әулет үшін зор қуаныш! Мамамның баяндап бергені бойынша мен аталарымның қандай болғанын біліп, сол арқылы өзімді табамын. «Маған мына қасиет сол кісіден берілген екен ғой» деп ой түйемін. Жалпы, әр адам өз әулетінің тарихын білуі керек. Осы тұрғыда менің жолым болған деп санаймын, өйткені ата-анам арғы тегім, өткен ата-бабам жайында үнемі айтып отырады. Меніңше, тарихтың өзі осындай кішкентай-кішкентай мәліметтерден тұрады. Қарап отырсам, бүгін біз тек бір атамның ғана тарихын айттық, ал әкем жақтан, анам жақтан айтылмаған қаншама ата-әжелерім бар…
Мен осындай өніп-өскен, текті әулеттің ұрпағы болғаныма қуаныштымын!